Трамп Венесуэланы АҚШ-тың «51-ші штаты» деп атады

АСТАНА.KAZINFORM - АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Америка туымен түстес Венесуэла картасын жариялап, астына «51-ші штат» деген жазба қалдырды.

а
Фото: Truth Social/@realDonaldTrump

11 мамырда Ақ үй басшысы Fox News арнасына «Венесуэланы АҚШ-тың 51-ші штаты етуді қарастырып жатқанын» айтқан болатын.

Трамп мәлімдемесінің нақты мәні әлі толық анықталған жоқ. Осыдан кейін Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес тілшілерге берген сұхбатында өз елінің АҚШ-тың 51-ші штаты болмайтынын айтты.

Родригес Гаагадағы Халықаралық сотта өз елі мен көршілес Гайана арасындағы кең әрі минерал мен мұнайға бай Эссекибо аймағындағы дау бойынша тыңдаулардың соңғы күнінде сөз сөйледі.

- Біз өз тұтастығымыз бен егемендігімізді, тәуелсіздігімізді, тарихымызды қорғауды жалғастырамыз. Венесуэла «отар емес, еркін ел»,- деп мәлімдеді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 3 қаңтарда Венесуэланың бұрынғы президенті Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флорес «Абсолютті шешім» операциясы аясында АҚШ арнайы күштерімен тұтқынға алынды. Олар алдымен Венесуэладан Гуантанамо шығанағындағы АҚШ әскери-теңіз базасына, кейінірек Нью-Йоркке жеткізілді. Мадуро және оның әйелінің қатысуымен өткен алғашқы сот отырысы 5 қаңтарда өтті.

Бұған дейін АҚШ президенті Ормуз бұғазын «Трамп бұғазы» деп «қайта атаған» болатын.