Трамптың баж салығы жаһандық нарыққа қаншалықты қауіп төндіреді

АСТАНА. KAZINFORM – Тамызда АҚШ әлемнің көптеген еліне баж салығын көтерді. Енді дүниежүзілік нарықтың болашағы бұлыңғыр болып тұр, деп жазады Kazinform агенттігінің халықаралық шолушысы.

Пошлины Трампа ставят под вопрос существование глобального рынка
Коллаж: Kazinform / Freepik / Российская Газета

Әлемдік сауда ережелері бұзылды 

АҚШ ЕО сияқты кей елдермен келісті, біреулермен ымыраға келе алмады. Елдер бойынша баж салығының мөлшері әртүрлі, мысалы, Швейцарияға бақандай 39% салынды, бірақ Америка президенті Дональд Трамптан баж салығы енгізіледі деген ескертпе хаттарды барлығы дерлік алды. Соның ішінде Қазақстанға да осындай хат келді, онда елімізге 25 пайыздық баж салығы салынатыны жазылған.

Әрине, әр елде жағдай әртүрлі. Барлық жерде АҚШ-пен сауда қатынастарының шарттары мен ауқымы алуан түрлі, тиісінше, өзара тәуелділік деңгейі де сан қилы. Мысалы, ресми деректер бойынша АҚШ-қа жіберілетін қазақстандық экспорттың тек 5%-ы ғана жаңа бажға ілігеді. Бірақ мұндағы ең басты нәрсе - 1 тамыздан бастап біз соңғы 30 жылдан бері үйреніп қалған жаһандық нарық енді жойылуы мүмкін.

Қазақстанның сауда және интеграция министрі А.Шаққалиев «жағдайды стандартты емес» деп сипаттауы тегін емес, өйткені ДСҰ ережелері мен барлық халықаралық міндеттемелер бұзылып отыр. Бұл - АҚШ-тың жаңа салық саясатына тап болған барлық елдер қазір бас қатырып отырған басты мәселе.

Мұның барлығы соңғы 35 жылда қалыптасқан халықаралық сауда ережелерімен қалай үйлеседі? Мәселе тек АҚШ-та емес, ЕО секілді келісімге келіп жатқан барлық елдер де ерікті немесе еріксіз түрде қолданыстағы сауда ережелерін бұзып жатыр.

Әрине, бұл ережелерге қатысты да сұрақтар көп болды. Шартты түрде Жаһандық Оңтүстік деп аталатын Қытай, Ресей, Бразилия, Оңтүстік Африка, Үндістан және басқа да елдер дүниежүзілік сауданы неге тек батыс елдерінің институттары қамтамасыз етеді деген мәселені жиі көтеріп жүр. Сауда және резервтік валюталар, бағалау, сақтандыру, қаржы, көлік ұйымдары, олардың қызметі батыс елдерінде, негізінен АҚШ-та реттеледі.

Резервная валюта
Фото: bcs-express.ru

 

Төлемдердің тең жартысы доллармен жүргізіледі

Алайда, көп сөз айтылғанымен, олар тиімді балама ұсына алмады. Себебі жаһандық сауда Батыс елдерінің байырғы нарықтық экономикасында ғана бар институттардың тиісті сапасын талап етеді. Сондықтан оны бәрі пайдаланады. Қазір бірқатар елдер долларды резервтік және сауда валютасы ретінде пайдаланбауға тырысады дегенімізбен, объективті түрде жаһандық ауқымда оны айырбастай алатын балама жоқ. Төлемдердің 47,68%-ы доллармен жүзеге асырылады, екінші және үшінші орында еуро мен фунт стерлинг тұр.

Қытай экономикасы қаншалықты қуатты болғанына қарамастан, тіпті юань де шектеулі айырбасталатын валюта саналады. Сондықтан оның әлемдік саудадағы үлесі 2024 жылғы қарашада 3,89% құрады. Дегенмен бұл бір жыл бұрынғы 2,93%-бен салыстырғанда айтарлықтай көп. Бірақ бұл көбінесе Қытай мен Ресейдің сауда қатынастарындағы жағдайға байланысты. Егер валютаңыз еркін айырбасталатын болса, онда экономикаға төнер қауіп-қатер де артады. 1997-1998 жылдардағы Азиядағы дағдарысты еске алуға болады. Ол кезде Таиландтың баты бірінші болып қаржы алыпсатарларының жаппай шабуылына шыдас бермеген еді. Бұл ұлттық валюта бағамының құлдырауына, қор индекстерінің төмендеуіне, капиталдың жылыстауына, банктердің дағдарысына, корпорациялардың банкроттығына, инфляцияның өсуіне әкелді.

Азиядағы барлық елдер сол дағдарыстан сабақ алып, жағдайдың қайталануына жол бермеді. Сонымен қатар, 2008 жылғы кезекті дағдарыс кезінде Азия елдері тұрақтандырушы рөл атқарды. 2009 жылы әлемдік сауда 11,89%-ға төмендеп кеткен кезде ең алдымен, Қытай сұранысты да, ұсынысты да қамтамасыз етіп, үлкен қолдау көрсетті. Бұл ретте 2004-2007 жылдары әлемдік сауда жылына орта есеппен 8,74%-ға өсіп отырғаны есте. 2008 жылғы дағдарыс өзінің ауқымы жағынан 1930 жылдардың басындағы Ұлы тоқырау кезеңін еске салатын. Сол кезде сауда соғыстарының кесірінен дағдарыс 10 жылға созылған, сол себепті 2008 жылы елдер протекционизм текетіресін бастамайтын болып шешім қабылдады.

АҚШ – жаһанданудың басты бенефициары

Жаһандану бүгін біз білетіндей әлемді орнықтырды. Ол жаһандық сұраныс пен ұсыныстың артуына және сұранысты қанағаттандыру үшін көптеген жаңа өндірістік тізбектердің пайда болуына әкеп соқтырды. Бұған жаһандық ақша массасының өсуін қосу керек, бұл көптеген елдерге шығындарын қаржыландыруда несиеге сүйенуге мүмкіндік берді.

Жалпы, жаһандану әлемі қаншалықты әділетсіз көрінгенімен, онсыз бәрі әлдеқайда нашар болар еді. Сондықтан Трамптың қазіргі әрекетіне жұрттың бәрі таңданыспен қарап отыр. Жаһандық Оңтүстік елдері АҚШ-ты жаһанданудың басты бенефициары деп санайды. Ал Трамп, керісінше, ішкі нарықтың бәрін өзге елдерге беріп қойдық, ұтылып жатырмыз деген ұранмен билікке келген еді. Сондықтан ол сауда балансы тапшылығын өтеу үшін бүкіл әлемнің АҚШ-пен саудасына қосымша салық салуға ұмтылады.

налог
Фото: istockphoto.com

 

Негізінде бұл - протекционизм. Егер қарсы шектеулер қойылса, онда бұл протекционизм соғысы болар еді. Осылай жүре берсе, жаңа Ұлы тоқырауға тап болу қаупі бар. Дегенмен, жаһандану - әлі де бағалы құндылық. Сондықтан кейбір елдер бәрібір келісуге тырысып бағуда. Мысалы, шілденің соңында Еуропалық Одақ Трамп жоспарлаған 30%-дың орнына 15% мөлшерінде баж салығын төлеуге келісті. Бірақ болат пен алюминийге 50% мөлшерлемесі қалды, бұл өнімдерге тыйым салынды деуге негіз береді. Сонымен бірге АҚШ Швейцарияға бұрын-соңды болмаған 39% көлемінде баж салығын енгізді. Енді швейцариялықтар АҚШ-пен саудаласып, келісуі керек, өйткені олар өз тауарларына басқа нарық таба алмайды.

Барлық елдер АҚШ-пен келісуге тырысуда. Өйткені протекционизм соғысы мен әлемдік сауданың құлдырауы одан гөрі нашар нұсқа екенін түсініп отыр. Нәтижесінде олар іс жүзінде ЕО сияқты АҚШ пайдасына қосымша салық төлеуге келіседі.

Әлемдегі ең ірі екі экономика - Америка мен Қытай арасындағы келісімнің нәтижесі қандай болады? 12 тамызға дейін олар бір шешімге келуі керек. Әйтпесе, АҚШ Қытайдан келетін импортқа салынатын баж салығын 145%-ға дейін көтереміз деп қорқытып отыр. Бұл іс жүзінде $524 млрд тауар ағынын тоқтатуы мүмкін, 2024 жылы Қытай АҚШ-қа осынша тауар жеткізген еді. Бұған Жапония, Оңтүстік Корея, Вьетнам және Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа да елдерінен импортқа қойылған шектеулерді қоссақ, онда әлемдік сауда өте үлкен қиындықтарға тап болады.

Қазақстанға ықпалы

Дегенмен бұған балама ретінде көбінесе аймақтандыру қарастырылады. Егер АҚШ-қа жеткізу мүмкіндігі болмаса, онда жекелеген өңірлер деңгейінде жергілікті нарықтарды дамытуға болады. Мысалы, Еуразия нарығының даму әлеуеті зор. Бір жағында Қытай, екінші жағында Үндістан, үшінші жағында Еуропа мен Ресей және т.б. бар. Бұл біздің құрлықтағы сауда жолдары тоғысатын жер ретінде Қазақстан үшін қосымша мүмкіндіктер ашады. Алайда бұл жерде сауда ағындарын еш қиындықсыз қайта құруға бола ма деген сұрақ туындайды. Себебі жаһандық саудада алдыңғы қатарды баяғы сол институттар иеленіп алған, ал бәсеке өткізу нарықтары үшін жүреді. Бұл мағынада АҚШ нарығы өз маңызын сақтап қалады.

Жаһандану дағдарысы әлемдегі белсенділіктің төмендеуіне алып келеді, осы жайт біз үшін қиындық тудырады. Бұл шикізаттың, соның ішінде мұнайдың арзандауына әкелуі мүмкін. Сонымен бірге, өндіріс және сауда тізбегін қайта құру тауар ағыны бағытын өзгертеді. Қазақстан үшін бұл тиімді ме, бірі екіншісінің орнын толтыра ма? Бір қуантарлығы, АҚШ-тан басқа елдердің барлығы әлемдік сауданың бұрынғы жүйесін белгілі бір дәрежеде сақтап қалуға мүдделі.

Соңғы жаңалықтар