Трамптың мәлімдемелерінен кейін Brent мұнайы шамамен 7% қымбаттады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамптың Иран мен Йемендегі хуситтерге қарсы ықтимал әскери іс-қимылдар туралы мәлімдемелерінен кейін мұнай бағасы күрт өсті.
Brent маркалы мұнайдың бағасы 6,6% көтеріліп, баррелі 89,70 долларға жетті. Ал америкалық WTI маркалы мұнайдың құны 7%-дан астам қымбаттап, баррелі 84,48 доллар болды.
Мұнайдың күрт қымбаттауына әлемдік жеткізілімнің тұрақтылығына қатысты алаңдаушылық себеп болды. Әсіресе, хуситтердің шабуылдарына байланысты Қызыл теңіздегі жағдайдың ушығуы және Ормуз бұғазы төңірегіндегі геосаяси тәуекелдердің күшеюі әлемдік нарықта мұнай тапшылығы туындауы мүмкін деген қауіптің артуына әсер етті.
Нарықтағы белгісіздікті күшейткен тағы бір жайт — АҚШ Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемеге қатысты алдағы шешімі. Себебі несие құнының өзгеруі жаһандық экономиканың өсу қарқынына ықпал етеді, ал бұл өз кезегінде мұнай мен басқа да энергия ресурстарына деген әлемдік сұранысқа тікелей әсер етеді.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер мен Вашингтонның жағдайды шиеленістірмеуге деген ұмтылысы туралы мәлімдемесінен кейін әлемдік мұнай бағасы күрт төмендегенін хабарлағанбыз.
Ал оның алдында Хуситтер Сауд Арабиясының мұнай нысандарына соққы жасағанын жазғанбыз.