Тренингтерде адамды еркінен тыс мәжбүрлеу белгілері болуы мүмкін – Бас прокурор
АСТАНА. KAZINFORM – Тренингтерде адамды еркінен тыс мәжбүрлеу белгілері болуы мүмкін. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Бас прокурор Берік Асыловтың жауабында айтылған.
- Қазақстан Президентінің тапсырмасына сəйкес, азаматтардың санасына теріс ықпал ететін, рухани-адамгершілік құндылықтарға қайшы келетін іс-əрекеттерге қарсы жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Көтерілген мəселе аясында азаматтардың құқықтарын қорғау жəне психологиялық қысым көрсету фактілеріне қарсы іс-қимыл жасау үшін қылмыстық, əкімшілік, азаматтық жəне салалық заңнама нормалары қолданылады, - деді Бас прокурор.
Дегенмен, оның айтуынша, қолданыстағы заңнамада тренингтік курстар мен жеке тұлғаны дамыту бағдарламаларын реттеуде жүйелі құқықтық тетік жоқ. Демек, қысқа мерзімді тренингтерді лицензиялау тəртібі белгіленбеген, қолданылатын психологиялық əдістерге жəне үйретуші-коучтардың біліктілігіне қойылатын талаптар нақты регламенттелмеген. Қатысушылардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктері қалыптастырылмаған.
- Аталған курстардағы əрекеттерде адамды еркінен тыс мəжбүрлеу, көпшілік алдында қорлау арқылы психологиялық қысым көрсету, жеке өмірге қол сұғу, тұтынушыға толық ақпарат бермеу, сондай-ақ шартта көзделген міндеттемелерді орындамау белгілері болуы мүмкін. Бүгінде тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту жəне тренинг жүргізетін адамдардың (коучтардың) адал қызмет көрсетуін қамтамасыз ету мақсатында Үкімет тарапынан «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар əзірленіп, Мəжілістің қаралуына жолданды. Заңнамалық норма қабылданғаннан кейін тренингтік қызметтің мазмұнына, əдістемелеріне жəне заңнамаға сəйкестігіне тексерістер жүргізіліп, қорлау, психологиялық қысым көрсету, мəжбүрлеу жəне манипуляция жасау белгілері бар əрекеттерге құқықтық баға беріледі, - деді Берік Асылов.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Амантай Жарқынбек тренингтер азаматтарымызға психологиялық және қаржылық зиян келтіріп отырғанын айтқан еді.