Цифрландыру мен ЖИ Қазақстанның жаңа даму кезеңіне жол ашады – Президент

АСТАНА. KAZINFORM – Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары адамзат үшін бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер кеңістігін қалыптастырып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тарихи мүмкіндікті болашаққа бағдарланған халықтар ғана тиімді пайдалана алатынын айтты.

Kazakhstan embarks on main path of sustainable development, President
Фото: Kazinform

– Мыңның біріне берілетін дәл осы тарихи мүмкіндікті тек қуатты, күшті, болашаққа бағдар түзеген халықтар пайдалана алады. Бұл міндетті еңсеру біздің өскелең ұрпақтың қолынан келеді. Мен бұған сенімдімін. Қазақстанның орнықты дамуының негізінде ұлы тарихымыз, одан кем түспейтін қазіргі сәт және, ең бастысы, жарқын болашақ арасындағы ажырамас байланыс жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Мемлекеттік Ту көтеру рәсімінде.

Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа тұрпатты елге айналғанын, біртұтас әрі жасампаз ұлт ретінде дамудың даңғыл жолына түскенін атап өтті.

– Кейінгі жылдарды еліміз үшін тарихи бетбұрыс кезеңі деуге толық негіз бар. Ауқымды реформалар барлық салаға тың серпін беруде. Түбегейлі өзгерістер, әсіресе, қоғамдық санаға зор сілкініс әкелді. Ішкі саясаттың мазмұны жаңарды, бағыт-бағдары айқындала түсті. Ел ішінде жанашырлық, еңбекқорлық, ұқыптылық, үнемшілдік қасиеттері орныға бастады, – деді Қ. Тоқаев.

Азаматтарымыздың көзқарасы және ұстанымы өзгеруде. Халқымыз Әділетті, Мәдениетті, Таза және Қауіпсіз елде өмір сүруді қалайды.

– Сондықтан жұртымыз тәртіп бұзушылыққа, заңсыздыққа тұтас қоғам болып тосқауыл қоюда. Алайда, алдымызда тұрған жұмыс – өте ауқымды. Бұл жұмысты бәріміз бір ел, біртұтас халық болып міндетті түрде ойдағыдай орындаймыз, – деді Президент.

Айта кетейік, 4 маусымда елімізде Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі. Осыдан 34 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның өз Елтаңбасы, Туы және Әнұраны бекітілді

Президент бұл күн – қазақ елінің әрбір азаматы үшін маңызы ерекше мереке екенін айтты.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығын нақты нәтижелермен қарсы алу керектігін тапсырды.