Цифрландыру саласында не өзгереді: суперкомпьютерді құру, алпауыт IT компаниялар, жасанды интеллект
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат беріп, бюрократиялық кедергілерді жою, суперкомпьютерді құру, электронды үкімет және басқа да маңызды мәселелерге қатысты жауап берді.
Тұрақты ротация керек
«Өзім атқарған қызметтерде, жеке және мемлекеттік секторлар арасында, соның ішінде мемлекеттік әрі квазимемлекеттік сектор арасында тұрақты ротация болды. Жұмыс тәжірибеме тоқталсам, инвестициялық банкир қызметін де атқардым. Классикалық банктік тәжірибеден басқа, менің инвестициялық банкингте тәжірибем бар, яғни қаржылық және технологиялық тәжірибенің үйлесімі маған цифрлық активтер нарығына осындай жақсы көзқарас қалыптастыруға көмектесті. Өзімнің әріптестеріме де үнемі ротация жасауды ұсынамын», — Ж. Мәдиев.
Бұл тұрғыда ол жеке сектор мен мемлекеттік сектор арасында ауысып тұру керек екенін атап өтті.
«Біріншіден, бұл қадамдар жақсы тәжірибе жинақтауға көмектеседі. Мемлекеттік секторда жұмыс істегенде де, жеке сектордағы сияқты ойлау қажет. Сонда біз бюрократияны жеңеміз деп ойлаймын. Өздеріңіз білесіздер, бюрократия әр елде бар», — деді ведомство басшысы.
Суперкомпьютерді құру оңай емес
Сонымен қатар министр биыл көктемде Цифрлық даму министрі лауазымына тағайындалғаннан кейін қай жұмыстарға назар аударғанын айтты.
«Нақтырақ айтқанда, біз agile-трансформациядан бастадық. Екіншіден, біз елімізде жасанды интеллектіні дамытуға айрықша мән береміз. Мен министр ретіндегі қызметіме осы жылдың мамыр айында кірістім. Ал жаз кезінде Үкімет қаулысымен жасанды интеллектіні дамытудың бес жылдық тұжырымдамасын бекіттік. Онда осы технологияларды елде ілгерілетудің бірнеше маңызды қадамдары қарастырылған. Бұл ретте елде есептеу қуатына арналған инфрақұрылымды құру ескерілген. Осы орайда қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында суперкомпьютерді іске қосу бағытында жұмыс істеп жатырмыз», — деді министр.
Оның пайымынша, тиісті есептеулерді орындау, жасанды интеллект үлгілерін үйрету, содан кейін осы модельдерді пайдалану үшін суперкомпьютерлік қуатты дамыту маңызды. Суперкомпьютерді құру жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы, нарықтың 80 пайызын NVIDIA чиптері қамтып отыр. Олар нарықтық капиталдандыру бойынша ең ірі америкалық компания саналады.
«Біз қазір жұмыс істеп жатырмыз, яғни америкалық үкіметпен келіссөздер жалғасады. Өйткені АҚШ-та экспорттық режимге қатысты үнемі қатал талаптар енгізіліп жатыр. Сондықтан тиісті экспорттық лицензия алу қажет, себебі олар жоғары технологиялар бойынша дайындалған чиптер саналады. Қазір NVIDIA суперкомпьютерлік чиптер бойынша ауқымды нарықты қамтып отыр. Әрине, оларға балама чиптер де бар. Бұл AMD, Cerebros, Қытайда жасалған Huawei және басқалары. Бұл инфрақұрылымның құрылысы, есептеулерге арналған суперкомпьютерлік инфрақұрылым бойынша бірінші вертикалі. Біз жұмыс істей бастаған екінші вертикаль — жасанды интеллект саласындағы адами капиталды дамыту. Қазірдің өзінде жасанды интеллект бойынша түрлі бағдарламаларды іске қостық. Жақында өңірдегі алғашқы жасанды интеллект мектебі Astana Hub-та ашылды. Ол француздық компаниямен серіктестікте құрылды. Ecole 42 атты мектеп бар, оның негізін қалаушылардың бірі — Николя Садирак. Бұл мектеп мамандарға оқытушысыз білім беруге мүмкіндік береді. Бұл бір кездері Николас Садирак жасаған танылмал әдістеме. Енді біз оны жасанды интеллектіге бейімдеп жатырмыз. Жасанды интеллект бағытында бірлесіп арнайы контент дайындадық», — деді ведомство басшысы.
IT саласындағы ірі компаниялар
Министрдің сөзіне қарағанда, қазір ведомство талдау мен жасанды интеллект саласындағы G42 сияқты ірі холдингпен жұмыс істеп жатыр. Олармен бірлесе суперкомпьютер бойынша жоба пысықталуда. Бұл тұрғыда «Самұрық-Қазына» қорымен бірлескен SK-Presight AI LTD бірлескен кәсіпорны құрылды және АХҚО-да тіркелді. Сондықтан олармен Smart City, суперкомпьютер бойынша жұмыс жалғаспақ.
«Келесі жобаға тоқталсам, қазір Telegram кеңсесін ашумен айналысып жатырмыз. Бұл миллиард адам тіркелген үлкен компания екенін білесіз. Енді біз бірлесіп кеңсе ашып жатырмыз. Бұл өз кезегінде өңірлік кеңсе болады. Telegram — ол ауқымды платформа. Оның аясында мини-қосымшалар, түрлі компаниялар құрылады. Бұл ретте олар Telegram платформасында стартаптарын құрып жатыр. Осыны ескере отырып, ашылатын кеңсе ауқымды жобаларды тартуға септігін тигізеді», — деді министр.
Осы орайда ол Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровтың биыл жазда Қазақстанға сапары аясында бірнеше жобаны іске асыру талқыланғанын айтты. Телеграм-кеңсенің ашылуы жұмыс орындарын құруға жола ашады. Бұл тұрғыда Қазақстанның мамандары әлемдегі ең технологиялық дамыған компаниялардың бірінде жұмыс істейді. Қазір министрлік аталған кеңсені АХҚО-да тіркелуіне жірдемдесіп жатыр. Алдағы бір-екі айда бұл кеңсе жұмысын бастайды.
«Бұл кеңсені Astana Hub аясында дайындап жатырмыз. Қазір Astana Hub қарқынды дамып келеді және онда 1,5 мыңға жуық компания тіркелген. Орын жеткіліксіз, ол нысанда 22 мың шаршы метр аумақ бар. Бірақ қажет болған жағдайда, олар орналасқан орындарын кеңейтуді жоспарлап отыр», — деді ведомство басшысы.
Электронды үкімет
«Қазір Қазақстан электронды үкімет бойынша озық 25 елдің қатарында тұр. Бұл рейтингіні БҰҰ жасап отыр. Осы ұйым барлық бизнес-процесті, мемлекеттік қолдау шараларын және азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді зерттеп жатыр. 1300-ден астам мемлекеттік қызмет түрі бар, оның ішінде 92 пайызы онлайн тәртіпте қолжетімді. Онлайн режимінде сіз мемлекеттік қызметтердің 92 пайызын үйден шықпай-ақ ала аласыз. Халыққа қызмет көрсету орталығына келмей-ақ, керек анықтамаларды, құжаттарды алуға болады», — деді Ж. Мәдиев.
Осының бәрін жүзеге асыру үшін өте ауқымды жұмыстар атқарылған.
Сонымен қатар министр еліміздегі Қаржы министрлігі өте жақсы цифрландырылғанын айтты. Бизнес, ғылым салаларында цифрландыру деңгейі әлі де төмен. Энергетикада бұл көрсеткіш орташа.

«Әрине, барлық осы домендер мен атрибуттарды анықтадық және әртүрлі министрліктерге тиісті KPI-ды белгіледік. Олармен цифрлық трансформация карталарына қол қойдық. Әрбір мемлекеттік органда цифрлық трансформация картасы бар. Осы орайда KPI бекітілген, бұл министрліктер өздерінің мәліметтер базасын цифрлайды, содан кейін олардың барлығы бір деректер жүйесінде жиналады», — деді ведомство басшысы.