Цифрландыру, жоғары жалақы, тегін магистратура: ветеринария саласы қалай өзгеріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – 10 маусым – ветеринария қызметкерлері күні. Кәсіби мереке 2024 жылы мемлекеттік деңгейде бекітілген болатын. Содан бері мал дәрігеріне деген құрмет те, қолдау да артып келеді. Kazinform тілшісі ветеринар мамандардың жалақы деңгейі мен саладағы соңғы жаңалықтарды сараптады.
Цифрландыру: QR және мобильді қосымша
Бүгінде ел аумағында шамамен 9 млн ірі қара, 24 млн-ға жуық ұсақ мал, 4,7 млн жылқы, 302 мың түйе бар. Төрт түліктің бабын жасау мақсатында 10 мыңға жуық маман еңбек етеді. Мал дәрігерлерінің саны көп көрінгенімен, салада жүктеме жоғары. Үй жануарларын тіркеу, мал басын бақылау, маусымдық екпе жұмыстары кезінде дәрігерлерге жұмыс көп.
Сондықтан ауыл шаруашылығы министрлігі мен жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі цифрландыруға көңіл бөліп, мамандардың жұмысын жеңілдетуге қам жасап отыр. Бастысы, бұрынғы цифрлық шешімдердің олқылықтарын жойып, тиімді жолды қарастыруға ниетті.
Неліктен? Себебі ескі цифрлық жүйеде кемшілік көп еді. Мысалы, бір аналық малға бірнеше төлді тіркеуге рұқсат еткен, бұл жалған деректерге жол ашты. Оған қоса вакцинациядан кейін препарат ағзадан толық шықпай тұрып, малды союға шектеу қойылмады. Тіпті мал сатып алу-сату кезінде жалған мәмілелер енгізіліп келді.
Енді жүйені жаңарту нәтижесінде біршама өзгеріс енді:
· SMS арқылы мәмілені растау;
· жүйеге деректерді автоматты түрде енгізу;
· келу орны бойынша ветеринариялық анықтамаларды сөндіру;
· мал базарларының жаңа функционалы енгізілді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, саладағы цифрландыруға QR қолданылмақ.
– Цифрлық бақылау тізбегі енді жануардың туған сәтінен бастап, өнімнің соңғы тұтынушыға жеткеніне дейін толық қамтиды. Сонымен қатар экспортқа шығатын мал үшін карантиннің жаңа цифрлық бақылау жүйесі енгізілді. Пилоттық режимде ет өнімдерін фермадан мектептерге, балабақшаларға, ауруханаларға дейін қадағалау тетігі іске қосылып отыр. Әр партияда үлгіленген QR-коды бар электрондық анықтама болады, – дейді вице-министр.
Тағы бір оң өзгеріс – мобильді қосымшалар. Жақында ветеринарларға арналған «ISZH-Mobile» қосымшасы, ауыл шаруашылығы жануарларының иелері үшін «TortTulik» қосымшасы іске қосылды. Бұл жануарлар мен мал шаруашылығы өнімдерін қадағалауда таптырмас көмекші құралға айналып үлгерген.
Жалпы мұндай цифрлық шешімдер жануарлардың жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға, аурулардың алдын алуға, логистика мен табынды басқаруды оңтайландыруға мүмкіндік береді. Нидерланд, Дания, Канада секілді мемлекеттер осы мәндес технологияларды кеңінен қолдану арқылы табысты да, мал басын да арттырып отыр.
Жоғарыда атаған цифрлық шешімдер алғашқы кезеңге жатады. Мал дәрігерлері жүйеге толық үйреніскен кезде екінші этап басталмақ. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, келесі қадам – дәлме-дәл мал шаруашылығын (Precision Livestock Farming) цифрландыру, яғни азықтандыру, суару және микроклиматты басқару жүйелері автоматтандырылады. Өнімділік 10–25%-ға артып, шығынды 15%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік мол. Одан бөлек жануарлардың ауруы мен репродуктивтік мінез-құлқын болжау үшін жасанды интеллекті қолданылады. Ал жайылымдарды бақылау үшін дрондар мен спутниктерді пайдалану көзделген.
Ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Өркен Әкібековтің пікірінше, кейінгі цифрландыру шаралары нәтиже беріп жатыр.
– Қазір мал басын жаппай цифрландыру бойынша мемлекет тарапынан үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Уақытты тіркеу, вакцинациалау тарихын электронды нұсқаға көшіру секілді әрекеттер өте тиімді екені сөзсіз. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек, – дейді Өркен Әкібеков.
Жастар неге мал дәрігері болғысы келмейді?
Қазақстанның ветеринария саласында шамамен 10 мың маман қызмет етеді дедік. Олардың орташа жасы 45–47 жас аралығында. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, елдегі 11 жоғары оқу орны ветеринар кадрлар даярлайды. Жыл сайын бағытқа 1300-ге жуық мемлекеттік грант бөлінгенімен, түлектердің едәуір бөлігі мамандығы бойынша еңбек жолын жалғастырмайды екен.
Осы мәселені шешу мақсатында ветеринариялық білім беру жүйесіне өзгеріс енгізіліп жатыр. Енді мемлекеттік грант негізінде білім алған түлектер оқуын аяқтағаннан кейін ветеринария саласында кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттеледі. Сонымен қатар олар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында әлеуметтік қолдау шараларын пайдалана алады.
Профессор Өркен Әкібеков мәселе міндеттеумен шешілмейді деп отыр. Маман тұрақтауы үшін инфрақұрылымды қайта қарау маңызды деген пікірде.
– Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан мал дәрігерлерін даярлау бойынша көптеген жұмыс атқарылды. Десе де инфрақұрылым мәселесі әлі шешім таппай келеді, негізгі мәселе де осыған тіреліп тұр. Ауыл-аймақта заманауи диагностикалық құралдармен жабдықталған бекеттерді, мал дәрігерлері отыратын жеке орындарды, көшпелі ветеринарлық топтарды көбейту шарт. Жұмыс жағдайы заман талабына сай болса, түлектер ауылда жұмыс істеуге қарсы болмайды деп санаймын, – дейді профессор.
Сарапшылар қосымша шара ретінде фермерлерге арналған телемедицинаны дамыту, шалғай өңірлерде мобильдік ветеринариялық клиникалар құруды ұсынып келеді.
Ал Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Ақпар Мәуленовтің сөзінше, ауылға баратын жас мамандарға тәлімгер болатын кәсіп иелерін ұдайы шыңдап отыру маңызды.
– Мамандарды даярлау кезіндегі біліктілікті арттыруды ұмытпауымыз керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мал дәрігерлері біліктілігін ұдайы арттырып отыратын. Кейінгі жылдары университеттік, зертханалық деңгейде біліктілік арттыру көңіл көншітпей тұр. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелеу маңызды, әсіресе, әр 5 жыл сайын біліктілік арттыру міндеті қойылғаны жөн. Өйткені жыл сайын жануарларды емдеу әдісі мен жұпалы ауру түрі көбейеді, – деді Ақпар Мәуленов.
Жыл сайын елде 700-ге жуық мал дәрігері оқу бітіреді. Алайда ауылда маман тапшылығы әлі сезіліп тұр. Жас мамандар көбіне қалада тұрақтайды, шалғайдағы елді мекенге барғысы жоқ. Бәрі басты себепті жалақы көлеміне сілтейді. Уәждің салмағы бар: бүгінде ветеринар мамандар орташа есеппен 140 мыңнан 230 мың теңгеге дейін ғана айлық алып жүр.
Мемлекет қолдауы
Аталған мәселе Үкіметтің 2026-2030 жылдарға арналған ветеринарияны дамытудың кешенді жоспарында қамтылды. Тиісті қаулыға сәйкес, ветеринария қызметкерлеріне еңбекақы төлеу қоры 1,5-2,5 есеге дейін артады. Орта есеппен шамаласақ, алда мал дәрігерлерінің айлық табысы 400 мың теңгеден асатын болады.
Оған қоса ветеринар, химик-талдаушы, ихтиопатолог, эпидемиолог, паразитолог және азық-түлік қауіпсіздігі инспекторы секілді мамандар магистратураны бір жыл ішінде мемлекеттік қаржы есебінен оқуына болады. Қазіргі уақытта еңбек етіп жүрген мамандар да қызметінен қол үзбей, магистр дәрежесін ала алуына жағдай жасалған.
Айта кетейік, ветеринария мамандарына үй сатып алуға мемлекет қолдау білдіріп келеді. Осы мақсатта ауылдық жерде мамандарға 0,1 процентпенен 15 жылға дейін кредит береді. Бұл да келешек жас ветеринарлардың қатарын көбейтуге септесуі мүмкін.
Бұдан бөлек, 2030 жылға қарай саладағы материалдық-техникалық базаның 80%-ы жаңартылмақ. Алдағы екі жыл ішінде ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғыртуға 66 млрд теңгеден астам қаржы бағытталады.
Жаңадан бой көтеретін нысандар да баршылық. Нақтырақ айтсақ, алдағы жылдары:
· 72 ветеринарлық станса;
· 1 278 ветеринарлық пункт:
· 1 049 мал қорымы салынады.
Бастаманың артықшылығы, әрбір ауылдық округте жеке ветеринариялық пункт ашылады. Осылайша, мал дәрігерлері бұрынғыдай әкімдік ғимаратына телмірмей, заманауи талапқа сай жабдықталған арнайы ветеринариялық пунктерде жұмыс істемек. Сонымен қатар жергілікті әкімдіктер мал дәрігерлерін қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
P.S. Қазір отандық кәсіпкерлер мал шаруашылығы өнімін 42 елге экспорттайды. Оның ішінде Еуропа одағы елдері, Ұлыбритания, АҚШ, Канада секілді мемлекеттер бар. Олардың азық-түлік импорты мен қауіпсіздік талабы жоғары. Сондықтан ветеринарлардың кәсіби білімі мал санына ғана емес, экономикалық әлеуетке де әсер етеді деген сөз.