Цифрлық егемендікке бастар жол: ресурстар, инфрақұрылым және адами капитал
АСТАНА. KAZINFORM — Есептеу қуаттары мен сирек жер металдары үшін жаһандық бәсеке қазірдің өзінде цифрлық қауіпсіздік архитектурасын қалыптастырып отыр. Бұл туралы Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасының кеңесшісі, халықаралық байланыстар және стратегиялар жөніндегі кеңесші Мирас Жиенбаев айтып берді.
Эксперттің айтуынша, жасанды интеллектіні дамыту дегеніміз үш негізгі құрамнан тұратын көпқабатты міндет. Біріншісі, Grok, Gemini, ChatGPT сияқты интеллектуалдық кеңістікті қалыптастырып жатқан алгоритмдер. Екіншісі, есептеу қуаттылығы. Бұл салада АҚШ пен Қытай сөзсіз көшбасшы саналады. Бүкіл экожүйенің инфрақұрылымдық өзегі болып табылатын арнайы чиптермен жұмыс істейтін деректер орталықтарысыз ешқандай ЖИ жұмыс жасай алмайды. Үшінші, критикалық материалдар. Чип өндіру де, деректер орталықтарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін энергетика да осы материалдарға тәуелді.
— Бүгінде жаһандық бәсеке дәл осы екі ресурс — есептеу қуаты мен материалдар төңірегінде өрбіп жатыр. Қазақстан да бұл бағытта нақты қадамдар жасап келеді. Атап айтқанда, шетелдік серіктестермен бірлесіп чип өндірісін жолға қою, ел аумағында жаңа деректер орталықтарын дамыту, суперкомпьютерлерді іске қосу — мұның барлығы цифрлық егемендіктің стратегиялық негізіне айналатын бастамалар. Есептеу қуаттары үшін күрес алдағы жылдардағы ең үлкен сынақ болады. АҚШ пен Қытай бір-бірімен тоғыспайтын екі параллель, «технологиялық ғалам» қалыптастырып отыр. Уақыт өте келе олардың ішкі ресурстары жаһандық қажеттілікті толық қамтуға жетпей қалуы мүмкін. Сол кезде сыртқы қуаттар үшін, осы экожүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ете алатын елдер үшін бәсеке басталады, — дейді Мирас Жиенбаев.

Оның айтуынша, бұндай жағдай Қазақстанға үлкен мүмкіндік береді. Еліміз жаһандық ЖИ инфрақұрылымының маңызды серіктесіне айнала алады. Мәселен, деректер орталықтарын дамыту, тұрақты энергетика ұсыну және критикалық материалдарға қолжетімділік беру арқылы. Егер бұрын экономикалық серпінге мұнай түрткі болса, бүгінде дәл сондай рөлді сирек жер металдары атқара алады.
— Еуропалық Одақ осы бағыттағы әлеуетті мойындап, Қарағанды облысындағы «Жаңа Қазақстан» кен орнын жаһандық басымдықтар тізіміне енгізіп, оның игерілуін қаржыландыруға дайын екенін білдірді. Бұл дегеніміз Қазақстанның жаңа әлемдік сауда және цифрлық қауіпсіздік жүйесіндегі рөлін мойындау. АҚШ экономикасы үшін аса маңызды 50 ресурс анықталса, ЕО — 40 ресурсты белгілеген. Қазақстан солардың ішінде Америка тізіміндегі 22 ресурсқа, Еуропа тізіміндегі 21 ресурсқа ие. Барлық кен орындары зерттелген, көлемдері белгілі. Егер «Жаңа Қазақстан» бойынша деректер расталса, Қазақстан сирек жер металдарының қоры жағынан әлемнің алғашқы ондығына, тіпті бестігіне енуі мүмкін. Бүгінде бізде бұл ресурстарды тек экспорттық артықшылық ретінде емес, орнықты экономикалық өсімнің іргетасы ретінде пайдалану мүмкіндігі бар, — дейді сарапшы.
Мирас Жиенбаевтың пікірінше, Орталық Азия елдерінің мүмкіндігі, инфрақұрылымы мен технологиялық әлеуеті әртүрлі. Соған қарамастан өңірде сирек жер элементтері жөніндегі ортақ институт құру туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ташкентте ұсынған бастамасы аймақтық үйлестіруді күшейтетін, сыртқы бәсекеден қорғайтын тиімді қадам. Мұндай формат ақпарат алмасуға, ортақ стандарттар қалыптастыруға және өңірдің мүддесін жаһандық деңгейде бірге ілгерілетуге жол ашады.

Сонымен қатар кадр даярлау мәселесі де бөлек маңызды бағыт. Сарапшы Қазақстан формалды түрде постиндустриялық еңбек нарығына өтіп, қызмет көрсету, цифрландыру және нарықтық тетіктерді дамытып жатыр. Алайда жаңа экономикалық жағдайға бейімделе алмай жүрген халықтың бір бөлігі бар. Жұмыс орындары жеткілікті, олардың көпшілігі жоғары жалақылы болса да, білікті кадр тапшылығы барған сайын айқын сезіліп келеді.
— Экономика алға озып кетті, ал адами капитал кейде оған ілесе алмай жатады. Университеттердің ағылшын тіліне көшуі өте прагматикалық шешім. Шын мәнінде, ескірген материалдарға қарағанда, әлемдік үздік оқулықтармен оқыған әлдеқайда дұрыс. Шетелдік университеттердің кампустарын, филиалдарын, зерттеу орталықтарын ел аумағында құру — зияткерлік өсім нүктелерін қалыптастыруға бағытталған бастама. Ел ішінде мұндай мүмкіндіктер көбейген сайын адами капиталды дамыту да тиімді бола түседі. Университеттерді дамыту қоғамның кең топтары үшін мүмкіндіктер коридорын кеңейту. Бұл жаһандық бәсекеге дайын, икемді, кәсіпкерлік ойлауы бар жаңа буынды қалыптастыру. Басты міндет — білім беру жүйесін орнықты даму мен әлеуметтік мобильділіктің тірегіне айналдыру, — деп қорытындылады Мирас Жиенбаев.
Бұған дейін Қазақстанның қай өңірлерінен сирек металдар табылғанын жазғанбыз.
Сонымен қатар сирек металдарды өңдеуде алпауыт елдермен келісім жасалды.
Ұлттық суперкомпьютерді іске қосу технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз етеді және Қазақстанды цифрландырудың негізгі қадамына айналады.