Сирек металдарды өңдеуде алпауыт елдермен келісім жасалды

сирек металл
Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Сирек металдар саласындағы инвестициялар көлемі 40 пайызға артады. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлім етті.

«Сирек металдар саласындағы инвестициялар мен өндіріс көлемін 40 пайызға ұлғайтуды ескерген 2024 - 2028 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Мемлекеттің сыртқы экономикалық байланысы шешуші рөл атқарады. Министрлік Еуропа Одағымен, АҚШ-пен және Ұлыбританиямен сирек металдар бойынша ынтымақтастықты нығайтты», - деді Қ. Шарлапаев Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, нақты нәтижелер ретінде литий кен орындарын бірлесіп игеру, сондай-ақ сирек металдарды қайта өңдеу туралы неміс, ағылшын және америкалық компаниялармен жасалған келісімдер бар.

«Саланы дамыту тұжырымдамасында минералды базаны ұлғайтуға, заманауи технологияларды тартуға, қолданыстағы өндірісті кеңейту мақсаты қойылды. Ең бастысы - жаһандық құн тізбегінің орта буынындағы Қазақстанның рөлін нығайту», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар