Цифрлық ортада жеке адамның қауіпсіздігі: Мәжіліс жаңа кодексті қарайды
АСТАНА. KAZINFORM – Парламент Мәжілісінің қарауына Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексінің жобасы мен ілеспе құжаттардың жобасы енгізілді.

- Цифрлық кодекстің жобасы мен ілеспе заң жобалары Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді. Осы кодекстің жобасына, сондай-ақ ілеспе құжаттарға Парламент депутаттары бастамашылық етті. Цифрлық кодекстің жобасы 10 тараудан тұрады. Бұл құжат жобалары цифрлық ортадағы қатынастарды, оның ішінде құқықтық қатынастар объектілерінің түрлері, цифрлық орта субъектілері, цифрлық сәйкестендіру және бақылау, тәуекелдерді басқару бойынша мәселелерді реттеуге, цифрлық ортада жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, - деді депутат Нұртай Сабильянов Мәжілістің жалпы отырысында.
Бұдан басқа мемлекеттік қызмет көрсетудің қағидаттарын айқындау және сақтау жөніндегі толықтырулар, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнамалық актілерде белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу ескерілген.
- Осы орайда Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті аталған заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеуге дайын, - деді депутат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасын қарауға қабылдады.