Цифрлық салада бюрократияға жол беруге болмайды – Премьер-министр
АСТАНА. KAZINFORM — Энергия жүйесі болжамды цифрлық алгоритмдер негізінде басқару қағидатына көшуге тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрі Олжас Бектенов мәлім етті.
- Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің ықпалымен экономиканың барлық саласында және жалпы адам өмірінде түбегейлі өзгерістер болып жатқанын атап өтті. Сондықтан жаңа технологиялар мен сервистер озық қарқынмен дамуға тиіс. «Digital Qazaqstan» стратегиясын біз айтарлықтай цифрлық базамен іске асыруға кірістік. Ел аумағын интернетпен қамту деңгейі жоғары болды, электрондық қызметтер мен сервистер кеңінен қолданылып жатыр. Осының барлығы енді жекелеген процестерді цифрландыру кезеңінен мемлекетті дамытудың жаппай цифрлық моделінің бірыңғай жүйесіне көшуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтерді көрсету форматы едәуір жеңілдетілді. Көптеген сервистерді «бір ғана батырманы басу» арқылы алуға болады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары да жаңа форматқа көшіп жатыр. Жасанды интеллект министрлігі жүргізіліп жатқан жұмыс қарқынын арттыра түсуі керек, - деді О.Бектенов.
Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтердің экожүйесі одан әрі проактивті түрде дамуы керек, яғни, азаматтарға қыруар өтініш жіберудің қажеті болмайтындай жағдай жасалуға тиіс.
- Цифрлық салада да басы артық бюрократияға жол беруге болмайды. Ол үшін, ең алдымен, түрлі салалардағы бірқатар мәселені шешу қажет. Энергетика саласында энергия жүйесін цифрландыру деңгейі әлі де жеткіліксіз. Оны толассыз телеметрияның, интеграцияланған деректер мен талдау құралдардың жоқтығынан байқауға болады. Жаңа жобалар осы мәселені шешуге бағытталған. Энергия жүйесі болжамды цифрлық алгоритмдер негізінде басқару қағидатына көшуге тиіс. Бұл әртүрлі жағдайларға қарсы шұғыл әрекет етуге, апаттардың алдын алуға және энергия нысандары жұмысының сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Энергетика министрлігі деректерді Energy Command Center-ге шығарып, саланың негізгі нысандары мен ақпараттық жүйелерін бірыңғай цифрлық контурға біріктіруі қажет, - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министрдің сөзіне қарағанда, осы жылдың соңына дейін негізгі нысандарға цифрлық түгендеу жүргізіп, салалық деректердің құрамына, сапасы мен берілуіне қойылатын бірыңғай талаптарды бекіту керек. Мұнай-газ саласында сарқылып бітуге таяған кен орындары мен алынуы қиын қорларды игеру жағдайында рентабельділік пен технологиялық тиімділікті сақтау мәселесі өткір тұр.
- Жасанды интеллект және кен орындарының цифрлық телнұсқалары технологияларын қолдану іс жүзінде тиімділігін көрсетіп отыр. Сондықтан олар өндірістік процестерді басқарудың негізгі стандартына айналуға тиіс. Энергетика министрлігіне «Самұрық-Қазына» қорымен және «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, осы шешімдердің барлық өндірістік активтерде кеңінен қолданылуын қамтамасыз етуді тапсырамын. 2028 жылдың соңына дейін 12 негізгі кен орнында цифрлық телнұсқаларды толық іске қосу қажет, - деді О.Бектенов.
Бұған дейін хабарланғандай, қалалық сервистерді басқару бойынша Астана тәжірибесі ел өңірлерінде енгізіледі.