Қалалық сервистерді басқару: Астана тәжірибесі ел өңірлерінде енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Smart City шешімдерін енгізуге қатысты түсінік берді.
- Келесі бағыт – өңірлерді цифрлық трансформациялау. Өңірлерде Smart City шешімдері енгізіліп жатыр: дрондарға арналған инфрақұрылым, су ресурстары мен қалалық сервистерді басқару және аурулардың AI-диагностикасы. Алайда жүйелі тәсіл әзірге қалыптаспаған. Шешімдер бір-бірінен бөлек дамып, өзара интеграцияланбаған. Осы ретте Астана қаласы әкімдігінің жұмысын ерекше атап өткім келеді. Елорда AI-Native City шешімдерін белсенді енгізіп жатыр. WIPO City of Innovation бастамасы аясында әлемнің үздік 15 қаласының қатарына енді. Алматы да осы модельге көшуде. Біздің міндетіміз – ортақ деректер, есептеу қуаттары мен ахуалдық орталықтар негізінде шешімдерді біріктіру, - деді Ж.Мәдиев.
Оның пайымынша, озық тәжірибелер бүкіл ел бойынша жүйелі түрде енгізілуі тиіс. Бұл көлік, коммуналдық инфрақұрылымды және қауіпсіздікті кешенді басқаруға мүмкіндік береді.
- Бүгінде Smart City шешімдері қала халқының 25 пайызын қамтиды. 2027 жылы көрсеткішті 50%-ға, ал 2028 жылы 70%-ға жеткізу жоспарланған, - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Айта кетейік, жақында QazTech, Ұлттық ЖИ платформасы және Digital Qazaqstan туралы жазған едік.