Цифрлық технологиялар отандық еңбек нарығына қалай әсер етіп отыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Отандық еңбек нарығында жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныс арасындағы сәйкессіздік әлі де сақталып отыр. Цифрлық технологияның дендеп енуі кадрларды даярлау саласына жаңа тұжырымдар қажет екенін аңғартқандай.

а
Коллаж: Kazinform; DALL-E; Midjourney

Мамандарға сұраныстың құрылымы өзгеріс үстінде

Біз бұл мәселені Ертіс-Баян өңірінің мысалында талдап көрдік. Жергілікті сарапшылардың айтуынша, жұмыс берушілердің сұранысы қазіргі уақытта цифрлық және техникалық дағдылары бар мамандарға қатысты.

Ал оқуды жаңа тәмамдаған азаматтарда цифрлық сауат жетіспейді. Жасанды интеллекті (ЖИ) күнделікті жұмыста адам еңбегін біртіндеп ауыстыра, толықтыра бастады. Осының салдарынан өнеркәсіп, логистика, бухгалтерия, call-орталықтар, әкімшілік қолдау салаларында жұмыс орындары қысқару үстінде.

Керісінше ЖИ, деректерді талдау, киберқауіпсіздік, цифрлық маркетинг, қызмет көрсету жүйелерін енгізу салаларында жаңа мамандықтар құрылуда.

— Сұраныстар нәтижесінде еңбек нарығының құрылымы өзгеруде, цифрлық және аналитикалық дағдылары бар мамандарға сұраныс артып келеді. ЖИ компаниялары өндірісті, тауарлы-материалдық құндылықтарды басқаруды, сұранысты болжауды және тұтынушыларға қызмет көрсетуді оңтайландырады. Бұл аймақтың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Әсіресе жергілікті кәсіпорындар инновацияларды белсенді түрде енгізуі керек. Жаңа білім беру бағдарламаларына қажеттілік бар — деректерді өңдеу, машиналық оқыту, робототехника және т. б. Өңірлік жоғары оқу орындары мен колледждер оқу жоспарларын еңбек нарығының сұраныстарына бейімдей бастауы тиіс, — дейді Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Самал Қадырова.

а
Фото: Самал Қадырованың жеке архивінен

Киберқауіпсіздік, Big Data қызметкерлеріне сұраныс артқан

Ресми деректерге сүйенсек, Павлодар облысындағы еңбек нарығында жағдай тұрақты. Жұмыссыздық деңгейі — 4,9%. Жыл басынан өңір бойынша 28 041 адам жұмысқа орналастырылған.

Өнеркәсіп саласында мамандарға сұраныс жоғары, техникалық және кәсіптік білімі бар білікті кадрларға қажеттілік — 11270 орын. Электронды еңбек биржасы порталында барлығы 1211 бос жұмыс орны мәлімделген.

Ал білікті кадрлардың тапшылығы — 10 059 маман. 2030 жылға дейін жоғары, техникалық және кәсіптік білімі бар білікті кадрларға қажеттілік — 64,5 мыңға дейін жетеді деп күтіліп отыр. Тек келер жылдың өзінде аталған салалар бойынша 11 мыңнан астам маман қажет болады.

Бұлардың арасында білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау, экономика және бухгалтерлік есеп, мәдениет және спорт, тау-кен, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандықтары бар.

— Павлодар облысы Қазақстанның жетекші индустриялық өңірлерінің қатарына кіреді (металлургия, мұнай-химия, энергетика салалары). Соңғы жылдары экономиканы жаңғырту бойынша жаңа кәсіпорындар мен жобалар іске қосылып жатыр. Химия өндірістерін салу, Павлодарда индустриялық аймақты дамыту жаңа жұмыс орындарын ашып, инженерлерге, технологтарға, механиктерге, техниктерге сұранысты арттыра түсті. Қазіргі заманғы кәсіпорындар жасанды интеллекті негізінде автоматтандырылған желілерді, роботтехниканы, басқару жүйелерін белсенді түрде енгізуде. Бұл күрделі жабдыққа қызмет көрсетуді және конфигурациялауды, цифрлық жүйелермен жұмыс істеуді, машиналарды бағдарламалауды білетін қызметкерлерді қажет етеді, — деп толықтырды Самал Қадырова.

Статистикалық деректер IT-мамандарға, атап айтқанда веб-әзірлеуші, мобильді қосымшаларды жасаушы, киберқауіпсіздік, Big Data қызметкерлеріне сұраныстың арта түскенін де байқатады.

Автоматика инженерлеріне, IT мамандарына, цифрлық жүйе операторларына сұраныс жүйелі түрде артқанымен, қажетті дайындығы бар адамдар жетіспей отыр.

Ауылдағы шаруашылықтар да жаңа талаптар қоя бастаған

Жас маман Александр Шаповалов та алған білімін жуықта заманға сай жетілдіруге мәжбүр болғанын айтады. Успен ауданындағы «Киров» ЖШС-де еңбек етіп жүргеніне үш жылдай уақыт болыпты.

Айтуынша, серіктестікте электрик болып жұмыс істейді. Павлодар ақпараттық технологиялар колледжін тәмамдаған соң таңдауы бірден ауылға түскен.

— Шаруашылығымыз сүт бағытына бейімделген, мал фермалары, суармалы жерлер бар. Астық қамбалары орналасқан. Солардағы электр жабдықтарын бабында ұстап, электр желілерін қалпына келтіріп отырамыз. Өзім сияқты тағы бірнеше электрик бар. Басшыларымыз барлығымыздың әлеуметтік жағдайымызбен санасады, демалыстарымызды тиімді өткізуге көңіл бөледі. Алатын жалақымыз да лайықты. Тек бізге қойылып отырған талап — цифрлық жаңа технологияларға ден қою. Шаруашылықтағы автоматтандырылған желілерді одан әрі жетілдіру жоспарда тұр, — дейді Александр.

«Жаңа қала» ЖШС-нің зоотехнигі Светлана Бисмильдинова шаруашылықта селекциямен айналысатын маман жетіспеушілігі өте күрделі мәселеге айналып отырғанын жеткізді. Агроном, мал дәрігері, техник-ұрықтандырушылар керек.

— Ұрықтандырушы маман жоқ десе де болады. Сондықтан білім беру ұйымдары осы түйткілге көңіл аударып, техник-ұрықтандырушыларды дайындауға көп көңіл бөлсе екен. Бірақ оларға қойылатын талап — цифрлық технологияларды меңгеруі шарт, — деген тілегін жеткізді маман.

м
Фото: Светлана Бисмильдинованың жеке архивінен

Кәсіп игеру үшін жылдап оқудың қажеті бар ма?

Жұмысшы мамандықтарын игеру келешекте жылдап білім алуды қажет етпейді. Себебі мамандық машықтарын игеру жүйесі кез келген өндіріс орнында қалыптасып, сол жерден арнайы куәлік берілуі мүмкін.

Мұндай алғышарттар қазірдің өзінде Павлодар өңірінде қалыптаса бастады. Соның бірі — Ақсу қаласындағы ферроқорытпа зауытында ашылған халықаралық стандарттарға сай кәсіби біліктілікті тану орталығы.

Ол — тау-кен саласында еліміз бойынша алғашқы жүзеге асып отырған кәсіптік жоба.

— Қызметкерлердің жеткілікті деңгейде еңбек дағдыларын игеріп, сала бойынша тәжірибе игергенін дәлелдеу, яғни растау кейде біраз уақыт алып жататыны да шын. Кейбірі білімін жетілдіру үшін жылдап колледжерде оқып, диплом алып шығады. Екінші тұрғыдан, өндірісте жұмыс істеп жүрген кейбір қызметкерлер өз мамандығының қыр-сырын тәжірибелік тұрғыдан мейлінше меңгергенін алдын ала анықтау да күрделі процесс. Тау-кен саласының мамандары мұнда оқып, білімін жетілдіріп немесе нақты іс жүзінде тәжірибеде меңгерген біліктілігін ресми түрде растай алады. Сәйкесінше оған білімін растайтын куәлік беріледі. Ол ТМД елдері бойынша жарамды, — дейді орталық өкілі Анастасия Круч.

а
Фото: erg.kz

Ертіс-Баян өңірі елімізде «Жаңа мамандықтар атласын» жүзеге асырып жатқан алғашқы облыстардың бірі екенін де атап өткен абзал. Жергілікті кәсіпорындардың технологиялық деңгейі де әртүрлі.

Дәстүрлі өндіріс тәсілдерінен бастап, «Индустрия 4.0» қағидаттарына (цифрландыру, автоматтандыру, ESG-экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару) толық көшкен заманауи өндірістерге дейін бар.

Мұндай экономикалық жағдай білім беру бағдарламаларының мазмұнын да жаңартуды қажет етеді. 

Ал облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, инженерлік-техникалық, жұмысшы мамандықтарына, денсаулық сақтау, білім беру, қызмет көрсету және тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мамандарына жоғары сұраныс әлі де қалыптасып отыр.

Мемлекеттік тапсырыс көлеміне 2025-2026 оқу жылына арналған 650 нысаналы кадрлар даярлау орны енген.

Атап айтқанда, инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары бойынша — 3045, қызмет көрсету — 700, бизнес, басқару және құқық — 615, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандығы бойынша — 515 адамды мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде оқыту жоспарланған. Ал экономистер мен заңгерлерге сұраныс күрт төмендеген.

— Жұмысшы және инженерлік мамандықтарға өндіріс орындарының көбеюі әсер етсе, педагогтерге сұраныстың артуы урбанизациялық факторлар себеп болып отыр. Ауылдық жерлерде мұғалімдер тапшылығы бар. Бұл мәселені шешу үшін, «Серпін» жобасы (жұмыс күші артық өңірлерден жас мамандарды тарту) белсенді түрде іске асырылуда. Алайда әлі де болса кадрлардың ауысуы және жетіспеушілігі сақталып отыр. Денсаулық саласындағы мамандардың жетіспеушілігі де көбіне ауылдық жерлерге тән, — деп түсіндірді жағдайды білім беру басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Баширова.

а
Фото: Павлодар облысы ӨКҚ

Атап өтерлігі, биыл кәсіпорындардың білікті жұмысшыларға деген тұрақты сұранысын қанағаттандыру мақсатында ІТ және цифрлық мамандықтар, автомобиль құрастыру, полимерлік өндіріс технологиясы, элеватор, ұн тарту, жарма және құрама жем өндірісі, жылу электр стансаларының жылу энергетикалық қондырғылары бойынша жаңа мамандықтар ашылған.

Әлемдік сарапшылар алдағы жылдары ірі компаниялар мамандықтар тізіміне емес, адам дағдыларына мән беретінін айтады.

Технология қарыштап дамыған сайын компаниялардың білім беру бағдарламалары жылдам ескіріп қалуда. Осыған орай еңбек ұйымдарындағы қызметкерлер білімін қайта шыңдауына тура келеді.

Еске сала кетейік, жұмысшы мамандықтар жылына орай 5 мыңнан астам колледж қызметкері біліктілігін арттырған еді.  

Соңғы жаңалықтар