Орталық барлау басқармасының директоры Гаванада Куба билігі өкілдерімен кездесті

АСТАНА. KAZINFORM — Орталық барлау басқармасының  директоры Джон Рэтклифф бейсенбі күні Гаванада Куба билігінің өкілдерімен кездесті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі NBC News-ке сілтеме жасап хабарлады.

ЦРУ директоры Гаванада Куба билігі өкілдерімен кездесті
Фото: https://uk.news.yahoo.com/cia-director-john-ratcliffe-holds-230000557.html

Рэтклифф Кубаның ішкі істер министрімен, барлау қызметінің басшыларымен және бұрынғы президент Рауль Кастроның немересі, мемлекеттік қызметкер Раулио Родригес Кастромен келіссөз жүргізді.

ОББ басшысы Кубаға АҚШ президенті Дональд Трамптың жолдауын жеке жеткізу үшін барған. Ақ үйдің мәліметінше, АҚШ Кубамен экономика және қауіпсіздік салаларында байыпты ынтымақтастық орнатуға дайын. Алайда бұл үшін Куба түбегейлі өзгерістер жасауы қажет.

Кездесу барысында тараптар барлау саласындағы ынтымақтастықты, экономикалық тұрақтылық мәселелерін және қауіпсіздік тақырыптарын талқылады. Сонымен қатар АҚШ тарапы Куба енді Батыс жарты шарындағы қарсыластарға пана болмауы тиіс екенін атап өтті.

Өз кезегінде Куба билігі АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтінін дәлелдейтін ақпарат ұсынғанын мәлімдеді. Сондай-ақ Гавана өзін терроризмді қолдайтын мемлекеттер тізіміне енгізуге ешқандай заңды негіз жоқ екенін жеткізді.

Еске салсақ, Джо Байден әкімшілігі Кубаны АҚШ-тың терроризмді демеуші мемлекеттер тізімінен алып тастаған болатын. Алайда Дональд Трамп екінші президенттік мерзімінің алғашқы күнінде бұл шешімді қайта өзгертіп, Кубаны аталған тізімге қайта енгізді.

Бұған дейін Куба әскері АҚШ тарапынан болуы мүмкін агрессияға дайындалып жатқаны хабарланған еді.