Цунами қаупі бар: Индонезия жағалауында магнитудасы 7,7 болатын жер сілкінісі болды
АСТАНА. KAZINFORM — Индонезия жағалауында магнитудасы 7,7 болатын қуатты жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы АҚШ Геологиялық қызметі (USGS) хабарлады, деп жазады Associated Press.
Жер сілкінісі сенбі күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 5:58–де Флорес аймағында, 10 шақырым тереңдікте болған. Зілзаланың ошағы Шығыс Нуса-Тенгара провинциясындағы Энде қаласынан солтүстік-солтүстік-батысқа қарай 68 шақырым жерде орналасқан.
Қазір зардап шеккендер мен қираған нысандар туралы ақпарат жоқ.
Индонезияның Метеорология, климатология және геофизика агенттігі цунами қаупіне байланысты ескерту жариялап, тұрғындарды жағажайлар мен өзен жағалауларынан аулақ болуға шақырды. Агенттіктің мәліметінше, Флорес аралы маңында таяз суда жер сілкінісі болған.
Қауіпті аймақтағы жағалау тұрғындарына билік су деңгейін бақылап отырған кезде биік жерлерге көтерілу ұсынылды.
17 мыңнан астам аралдан тұратын Индонезия «Тынық мұхитындағы отты белдеу» аймағында орналасқан. Сондықтан елде жер сілкінісі мен жанартаулардың белсенділігі жиі байқалады.
Еске салайық, бұған дейін Кашмирде жер сілкінді.
Ал Колумбиядағы жер сілкінісінен кейін 281 адам қаза тапты.