Туа бітті жүрек ақауы неден пайда болады — дәрігер түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астанада туа біткен жүрек ақауы бар балаларға арналған тегін кеңестер мен диагноздан кейінгі өмір туралы алғашқы Public Talk өтіп жатыр. Іс-шарада UMC Клиникалық академиялық педиатрия департаментінің директоры, штаттан тыс бас балалар кардиологы Татьяна Иванова-Разумова туа бітті жүрек ақауының себептері туралы айтты.
Дәрігердің сөзінше, туа біткен жүрек ақауларының шамамен 50 пайызы генетикалық өзгерістермен байланысты. Алайда мұндай ақаулардың түрі өте көп болғандықтан, оны бір ғана геннің өзгеруімен түсіндіру мүмкін емес.
— Кейбір тұқым қуалайтын аурулар бір геннің өзгеруінен пайда болады. Ал туа бітті жүрек ақауларында бірнеше гендегі өзгерістер қатар жүруі мүмкін. Сондықтан олардың нақты бір ғана себебін атау қиын, — деді Татьяна Иванова-Разумова.
Оның сөзінше, жүктіліктің алғашқы апталарында ананың жұқпалы аурумен ауыруы да әсер етуі мүмкін.
— Сәбидің жүрегі жүктіліктің 2-8 аптасында қалыптасады. Осы кезеңде анасы түрлі инфекциялармен ауырса, сол да әсер етуі мүмкін. Бірақ белгілі бір фактор жүрек ақауына тікелей себеп болады деп нақты айту мүмкін емес, — деді дәрігер.
Сондай-ақ маман шамадан тыс күн сәулесінің әсері немесе қоршаған орта факторлары туралы да түрлі болжамдар бар екенін атап өтті.
— Алайда олардың ешқайсысы туа бітті жүрек ақауының нақты себебі ретінде дәлелденген жоқ, — деді спикер.
Айта кетейік, елімізде жыл сайын 4 мыңға жуық бала жүрек ақауымен дүниеге келетінін жазғанбыз.