Тұғырлы тәуелсіздік және кемеңгер тұлға

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тоқсаныншы жылдардағы ел басына түскен экономикалық қиындықтар, өндіріс, өнеркәсіп өнімдерінің құлдырауы, кедейшілік пен жұмыссыздық халықтың болашаққа деген сеніміне секем түсірген болатын. Елді осындай тығырықтан Елбасының қажырлы қимылы, ұстамды, сабырлы мінезі, қиындықтан жол таба білетін іскерлік қасиеті, ең бастысы, болашақты болжағыш көреген саясаты алып шыққанын айтқанымыз жөн. Сондай қиын тұста қазақ елінің астанасын Алматыдан Арқа жеріне көшіру жөнінде батыл бастама көтеріп, іс жүзіне асырудың нәтижесінде Сарыарқаның сауырында, көк Есілдің жағасында жаңа Астана шаһарының бой көтеруі - әлемде таң қаларлық ұлы оқиға ретінде қабылданған еді. Бұл ерлікке пара-пар Елбасының қажырлы еңбегі мен сындарлы саясатының арқасында дүниеге келген Тәуелсіз Қазақстанның үлкен бір жетістігі болып саналады.
None
None

Қазақстан әлемде өзінің саяси орнын айқындап алды. Бейбіт саясат пен ұлтаралық келісімді қамтамасыз етті. Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Жаһандық ядролық сынақсыз аймақ құру жөнінде ұсыныс берді. Әлем халқы Қазақстан басшысының ұлы бастамасына қолдау көрсетті. Ұлттың қамын ойлайтын, дамудың келешегін болжайтын дана саясат ұсынған Нұрсұлтан Назарбаев жас мемлекетті экономикасы орнықты елу елдің қатарына қосты. Қазақстан зайырлы құқықтық мемлекетті құрып, Еуропаның төріне шықты. Ал, жаңа Астана қаласы Еуразияның жүрегіне айналды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық әлем шындығы тұрғысынан еуразиялық идеяны жетілдіруді теориялық жаңартуға қол жеткізіп, оны тек теория тұрғысында қалдырып қоймай, іс жүзіне асырудағы қимылы да бүгінде әлем жұртшылығының назарын аудартып отыр. Кеден одағының мүшелері Қазақстан, Ресей және Беларусь толыққанды Еуразиялық одаққа бірікті. Бұл экономикалық одаққа соңғы кездері Қырғызстан мен Армения келіп қосылды. Оның құрамына кіруге тілек білдірушілердің қатары да алдағы уақытта көбейері сөзсіз. Бұл Назарбаевтың ЕАЭО  идеясының шындыққа айналғандығын көрсетеді.

Қазір  елімізде Елбасының  өмір, еңбек жолын зерттеу, оған терең үңілу, елдік істер мен ел бірлігін байыпты бағалау, болашақты байсалды болжау, өткен жолдарымызға әділ көзқарас қалыптастыру сияқты жұмыстардың қолға алынып жатқаны белгілі. Бұл -құптарлық және өнеге тұтарлық шаруа. Елбасының еңбек жолы - өмір мектебі. Оны жеткіншек жас ұрпақ жете ұғынуы керек. Елбасының ел үшін, жер үшін, болашақ ұрпақ үшін істеген және істеп жатқан қайырымды істері мен көтерген батыл бастамалары жөнінде көп айтуға болады. Ұлт Көшбасшысының туған халқы мен Отанын сүйген күрескерлік қасиетін, адамгершілік ізгі өнегесін жас ұрпақтың бойына дарыту, оның «Мәңгілік ел» идеясын кеңінен насихаттау және сол жастарды осы биік мақсатқа бір кісідей жұмылдыру - бүгінгі күннің басты міндеті. Осындай отансүйгіштік, патриоттық жоғары сезімнің қалыптасуы алға қойған міндеттердің сөзсіз орындалуына, әлемнің ең дамыған отыз елдің қатарына қосылуға толық жағдай жасайтындығына еш күмән тудырмайды.

 Мемлекет басшысының биылғы жылға арнаған  «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» » атты Жолдауының елдің әлеуметтік-экономкалық дамуына үлкен серпін, тың ырғақ бергенін айтқанымыз жөн. Сондай-ақ, Елбасының бес институттық реформасынан туындайтын «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспары барша қазақстандықтарды бір мақсат, бір мүддеге - елдің экономикасын тұрақтандыруға бағытталып жатқаны - баршамызға жақсы белгілі. Қиын­шылықтар да жоқ емес. Әсіресе, доллар бағамының күрт жоғарылап, ұлттық валютамыз - теңгеміздің құнсыздана бастауы - көңілге сәл селкеу түсіріп тұрғанын жасыруға болмайды. Мұны әрине, өтпелі қиындық деп білуіміз керек. Елбасы биылғы жолдауында елде қалыптасып отырған бұл жағдайларға елеулі алаңдаушылық білдірді. Тығырықтан шығудың жолдарын пы­сықтады.  Жолдаудағы нақты тапсырмалар бойынша, тиісті министрліктер мен құзырлы органдарға нақты тапсырмаларды жүктеді. Үміт пен сенімге толы дүниенің алда екендігі даусыз. Жарқын болашаққа үкілі үмітпен қарап, еселі еңбек етуден жалықпайтын дағдымен алға ұмтылудың қажеттігін Елбасы әрдайым  айтып келеді. Сондықтан тәуелсіз еліміздің тұғырын берік еткен кемеңгер тұлға Елбасының еңбегі ерен.   

Соңғы жаңалықтар