Туысында тұқым қуалайтын ауру бар адам тексерістен өтуі қажет – генетик

АСТАНА. KAZINFORM — Медицина ғылымдары докторының айтуынша адам интеллектісі, психикалық және физикалық саулығы – бәрі де тұқым қуалаушылық заңдылығына бағынады. Сондықтан болашақ ата-аналар отбасын құрмас бұрын генетикалық тексеруден өтуі тиіс. 

генетические тесты
Коллаж : Kazindorm / Freepik

Талшын Мұхадесқызының айтуынша, кейбір қасиеттер әкеден қызға, анадан ұлға беріледі. Интеллект пен түрлі денсаулық ерекшеліктері де тұқым қуалау арқылы тарайтын заңдылық бар. Осыған байланысты маман жастарға отбасын құрар алдында медициналық және генетикалық тексеруден өту қажеттігін айтады.

– Жүктілікке дайындалу – бұл жеке бастың емес, тұтас қоғамның денсаулық сақтау саясатының маңызды бөлігі. Егер болашақ ерлі-зайыптылардың бірінің отбасында тұқым қуалайтын ауру кездессе, міндетті түрде генетикалық тексерістен өту қажет. Алдымен кариотип анықталып, содан кейін мүмкін болатын генетикалық ақаулар зерттеледі. Мұндай тексерулер бүгінде еліміздің барлық өңірінде қолжетімді, – деді ол Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin Live» бағдарламасында.

Талшын Мұхадесқызы
Фото: Видеодан скрин

 

Профессор тұқым қуалайтын аурулар емделмейтінін, бірақ оларды алдын ала анықтауға болатынын атап өтті. Генетиктер аурудың ұрпаққа берілу ықтималдығын нақты есептеп бере алады. Тіпті жүктіліктің алғашқы 12 аптасына дейін ұрықтың денсаулығын анықтауға мүмкіндік бар.

– Тұқым қуалайтын ауруларға келетін болсақ, мысалы аутизмнің тұқым қуалау сипаты дәлелденбеген. Бұл диагноз көбіне эпигенетикалық факторлармен, яғни адамның өмір салтымен, қоршаған ортамен және психологиялық ахуалымен байланысты. Ал адамның дене тұрқы ірі болуы ген арқылы берілуі мүмкін, бірақ семіздік көбіне тамақтану және өмір сүру дағдысына байланысты болады, – деді ол.

Сондай-ақ қазір ДНҚ талдау арқылы адамның шыққан тегі мен этникалық құрамын анықтау мүмкіндігі бар. Мұндай зерттеулер арқылы адам өз тегінің азиялық, еуропалық не африкалық элементтерінің пайыздық үлесін көре алады. Алайда нақты ата-анасын немесе арғы бабасын тек әке мен ана арқылы ғана білуге болады.

Айта кетейік, Өзбекстанда әлемге белгісіз генетикалық мутациялар анықталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар