Тұрақтылық пен келісімнің қазақстандық моделі – Президенттік орталық ҚХА 30 жылдығына көрме ұйымдастырды
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президенттік орталығында «Қазақстан халқы Ассамблеясы: бірлік пен татулықтың 30 жылы» атты мерейтойлық көрме ашылды.

Көрменің басты ерекшілігі – ҚР Президенттік орталығының архив, кітапхана және музей қорларынан қойылған 100-ге жуық экспонат болды. Осы арқылы ҚХА қалыптасу және даму тарихын көрсетіп, халықтық дипломатияны дамытудағы, этноконфессиялық қатынастарды нығайтудағы, рөлін көрсету көзделген.

− Бүгінде Ассамблея этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделіне айналды, оны «Алуан түрліліктегі бірлік» формуласымен білдіруге болады. Осылайша Қазақстанда тұратын барлық этностың мәдениетін, тілдерін, дәстүрлерін дамыту үшін кең мүмкіндіктер жасалған. Ал олардың саны 130-дан асады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 27 сәуірдегі ҚХА XXXII сессиясында сөйлеген сөзінде «Қазақстан – біртұтас ұлт, еліміздің әрбір этносы достықты, үйлесім пен келісімді нығайтуға өзінің өлшеусіз үлесін қосып отырған команда деп айтуға болады» деп атап өтті. Бүгінгі көрме аясында біз ҚХА даңқты жылнамасын және жалпы еліміздің тарихын этносаралық қатынастар призмасы арқылы көрсетуге тырыстық, – деді ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат көрменің ашылу салтанатында.
Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде этносаралық келісім мен тұрақтылықтың мызғымас кепіліне айналды. Жыл басынан бері еліміздің барлық өңірінде Ассамблеяның 30 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылып келеді, ондағы әрбір бастама елдегі бірлік пен татулықты одан әрі нығайтуға бағытталған.

− Осы жылдары Ассамблеяның бастамалары елімізде бейбітшілік пен өзара түсіністік орнап, әрбір этностың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтап, жалпыұлттық мүдде жолында өркендеуіне мүмкіндік жасады. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы – әлемдік қауымдастық тарапынан мойындалған этносаралық татулық пен бірліктің бірегей үлгісі. Халықаралық аренада «қазақстандық модель» тұрақтылық пен келісімнің сәтті тәжірибесі ретінде жоғары бағаланады.
Бұл – бірлік пен достықты бағалай білетін халқымыздың ортақ жетістігі. Біз осы құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманат етуіміз керек. Біздің басты байлығымыз – халқымыздың татулығы мен ел ішіндегі тұрақтылық, − деді ҚХА төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов.
Егемендік алған жылдары Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімді нығайту Тәуелсіздікті сақтаудың басты негіздерінің біріне айналды, оң этносаралық диалог пен татулықты сақтауға ықпал ететін құрылым қажет болды. Осылайша 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды және көрмеде 1992 жылы Алматыда өткен Қазақстан халқы форумында, 1995 жылғы ҚХА алғашқы сессиясында түсірілген фотосуреттер қойылды.

Сонымен бірге, көрмеде дипломатиялық өкілдіктер мен этномәдени бірлестіктердің сый-сияпаттары, «Халықаралық Ұлттық келісім», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» медальдары, ҚХА құру туралы Жарлық, ҚХА туралы заңның үлгілері қойылған.

ҚР Президенттік орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова 1995 жылы бұл шешімнің қабылдануының өзі Қазақстанның – көпұлтты, көпконфессиялы халықтың жасампаздыққа бағытталған идеясының белгісі болғанын атап өтті.

− Кезінде Кофи Аннан Ассамблеяға «Қазақстанда бір мемлекеттің негізінде БҰҰ үлгісі қалыптасты» деп баға берген еді. Сондықтан бұл тәжірибені, бұл датаны Тәуелсіздігіміздегі ерекше оқиға деп атауға болады. Қазақ халқы ғасырлар бойы өз Тәуелсіздігін аңсады және тарихи тұрғыда қаншама тағдырлардың, түрлі ұлт өкілдерінің ортақ Отаны болып қалыптасты. Мұны мақтан тұтып, жастарымызға жеткізіп айтып отыруымыз керек. Сондықтан ҚХА – тек қана ұлтттар мен конфессиялардың сұхбаттасу алаңы емес, түрлілік пен бірегейлікті қалыптастыратын алаң, − деді Ботагөз Қайыпова.

Айта кетейік, 2007 жылы Қазақстан халықтары Ассамблеясы Қазақстан халқы Ассамблеясы болып өзгертілді. Сол жылы конституциялық реформа нәтижесінде Ассамблеяға конституциялық мәртебе берілді, ол Парламент Мәжілісіне 9 депутатты сайлау құқығына ие болды. Мемлекет басшысы Ассамблея ұсынған Парламент Сенатының 5 депутатын тағайындайды. Бұл ҚХА-ның саяси-басқарушылық рөлін едәуір арттырды.


Ел аумағында мыңнан астам этномәдени бірлестіктер, Аналар кеңесі және Ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Одан бөлек, Президент тапсырмасымен құрылған «Ассамблея жастары» бірлестігі мен Медиация кеңесі белсенді жұмыс істейді. Өңірлерде ашылған Достық үйлері де этномәдени бірлестіктердің ғана емес, жергілікті қауымдастықтың, үкіметтік емес ұйымдар мен жастардың ортасына айналды. Еліміздің барлық өңірінде ҚХА Журналистер клубы және этникалық БАҚ жұмыс істейді.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәлімдеуінше, Ассамблеяның 30 жылдығын мерекелеу аясында елімізде және шетелде түрлі форматтағы 150-ден астам іс-шара ұйымдастыру және кемінде 1,5 млн адамды қамту жоспарланып отыр.
Көрме 2025 жылдың 25 наурызына дейін жалғасады.