Турбуленттілік, протекционизм және жаңа геосаясат: 2025 жылдың әлемдік қорытындысы

АСТАНА. KAZINFORM – Егер 2025 жылы әлемді өзгеріске ұшыратқан саяси оқиғалар жайында сөз қозғар болсақ, онда әрине, Дональд Трамптың Ақ үйге екінші президенттік мерзімге оралуы аталары сөзсіз. Бұл жолы ол шын мәнінде көп нәрсені, әсіресе әлемдік экономика мен саясатқа деген көзқарасты өзгертті. Әлем тағы қалай өзгергені жайында Kazinform агенттігінің халықаралық шолушысы Сұлтан Әкімбековтің мақаласынан оқи аласыздар.

Турбулентность, протекционизм и новая геополитика: мировые итоги 2025 года
Коллаж: Kazinform/ Canva/ whitehouse.gov/ flikr/wikipedia.org

Әлемдік саясаттағы турбуленттілік

АҚШ президентінің көптеген іс-әрекеті көкейге сауал ұялатады. Дегенмен, жыл бойы көптеген мәселе Дональд Трамптың жасаған іс-әрекеттерімен және оның бастамаларына байланысты өрбіді. Дәстүрлі саясаткерлер үшін жаңа сыртқы саяси шындық өте қолайсыз болды. Мұндай кезде жылдам әрекет ету қажет, ал сын-тегеуірін сипаты көбінесе айқын емес және бұл қандай салдарға алып келетіні де белгісіз.

Оның үстіне Трамптың іс-әрекеті бүкіл әлемде үлкен турбуленттілік туғызды және олардың нақты қандай нәтижелерге алып келетінін анықтау өте күрделі. Айталық, егер бұл әрекеттер сенің еліңе емес, маңызды сауда серіктесіңе қарсы бағытталған болса... Жай ғана мұның осылай боларын ешкім күтпеген еді. Түптеп келгенде саясаткерлер сайлау науқаны кезінде не айтпайды дейсіз. Бірақ жаңа ескіамерикалық президент екінші мерзімінде барлық болжамды теріске шығарды.

Ең алдымен оның іс-әрекеттерінен көптеген қарама-қайшылықтар жинақталып, оның аясында әлемнің бірқатар елдері тарапынан наразылықтың артуы аясында онсыз да қиын жағдайда тұрған жаһандық экономикада үлкен проблемалар туындады. Жалпы алғанда, жаһандану бенефициары кім екендігі, онда кімнің ұтылғанына қатысты талқылаулар өте өзекті болды.

Жеңгендер мен жеңілгендер

Өндірілетін тауарлар бағасының арзандығы, сонымен қатар шикізаттың қымбат бағасы, ақша массасының көбеюі мен несиелердің қолжетімділігі негізінен бүкіл әлемдегі тұтынушыларды да, шикізат өндірушілерді де қанағаттандырды.

цены на товары в Америке
Фото: © iStock

Сонымен бірге зардап шеккендердің қатарында дамыған елдердің, оның ішінде АҚШ-тың өндірушілері болды. Олар дамушы елдердің, ең алдымен Қытайдың экономикасымен бәсекелестікте жеңіліске ұшырай бастады. Түптеп келгенде Трамптың билікке келуіндегі негізгі себептердің бірі де осы еді. Бұрынғы өнеркәсіптік штаттардың — Иллинойс, Мичиган, Огайо, Пенсильванияның тұрғындары бұл ретте маңызды рөл атқарды. Жұмыс орындарының қысқарып, өздерін «тот басқан белдеу» деп атау кімге ұнай қойсын?! Америкалықтардың осы тобы АҚШ-тың оқшаулану көңіл-күйіне және сайлауда Трамптың жеңіске жетуіне қолдау білдірді.

Алайда, Трамп америкалық өндірушілерді қолдау бағдарламасын шын мәнінде өте қатаң түрде бастап жіберді. Ол әлемнің барлық дерлік экономикасына қарсы ауыр баж салығын енгізіп, бұл әрекетін мәмілелер жасау үшін қысым құралы ретінде қолданды. Іс жүзінде сөз сауда соғыстары мен протекционизм соғысының басталу мүмкіндігі жайында болды.

Осы орайда әлемдік экономика тарихындағы ең ауыр дағдарыс — "Ұлы депрессия" да дәл протекционизм соғыстарының салдарынан 1929 жылы басталып, екінші дүниежүзілік соғысқа дейін жалғасқанын еске сала кеткен жөн. Ал 2007-2008 жылдардағы дағдарыстан салыстырмалы түрде жылдам шығудың себебі Қытай сол кезде жаһандық сұранысты қолдады және негізгі экономикалар протекционизм соғысына өтпей, жағдайды жаһандану аясында түзете алды.

Биыл түптеп келгенде протекционизм әлде жаһандану басым бола ма деген сауал туындады. Қазіргі уақытта көптеген ел протекционизммен күрес саясатына өтуге жақын тұр. Мысалы, 8 желтоқсанда Франция президенті Эммануэль Макрон Еуроодақ Қытайға қарсы қатаң шаралар қолдануы, оның ішінде баж салығын енгізу мүмкін екенін айтты. Бұл АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының салдарына, сондай-ақ сауда-саттық тапшылығына байланысты.

Нәтижесінде әлем қатты өзгеруде және оның жақсы жаққа өзгеретіні де факті емес. Сонымен қатар көптеген ел ең мықты ойыншы АҚШ тарапымен кейбір түзетулер енгізу арқылы жаһандық саудадағы басымдықтарын тым болмаса уақытша да сақтап қалуға тырысып жатыр. Өйткені, үшінші нұсқа да бар. Ол - Трамптың мерзімін күтіп, содан кейін бастапқы жағдайға қайта оралу.

Жаһандануды барлығының да бағалайтындығы күмән тудырмайды. Сондықтан америкалықтармен келіссөз жүргізіп, салықтарды төмендетуге немесе кейбір ережелерді алып тастауға келісуге тырысады. Дегенмен тіпті америкалықтардың өзі де импорттық өнімдер бағасының өсуі салдарынан төлем жасауға мәжбүр. Қалай дегенде де Трамп биыл 1980 жылдардан бастап қалыптасқан, социалистік блок ыдырағаннан кейін жаңа серпін алған әлемдік экономиканың бейнесін өзгертті. Осынау тектоникалық өзгерістердің салдарын сәл кейінірек АҚШ экономикасының саясаты қалай дамитынына және бұған жаһандық сауданың өзге қатысушыларының қалай әрекет ететіні айқын болған кезде білетін боламыз.

Батыс қауіпсіздік жүйесіндегі өзгерістер

Трамп тек жаһандану әлеміндегі өзгерістермен ғана шектелген жоқ. Ол сондай-ақ батыс елдерінің қауіпсіздік жүйесінің негіздерін қайта қарай бастады. Қырғи қабақ соғыс кезеңінен бастап бұл жүйе АҚШ-тың жетекші рөліне және НАТО блогы аясында оның армияға жұмсайтын шығындарына негізделді. Ал Трамп кезінде АҚШ-тың еуропалық елдердегі қатысуын және сонымен байланысты шығындарды қысқарту мәселесі көтерілді.

НАТО
Фото: unsplash

Ендігі уақытта АҚШ Еуропа елдерінен альянстың ортақ қорғанысына әлдеқайда қомақты үлес қосуды талап етіп отыр. Еуропа үшін бұл оның әлеуметтік бағдарланған экономикалық саясатын ескерер болсақ, өте күрделі мәселе. Әскери шығындардың артуы салықтардың өсуін немесе кейбір әлеуметтік бағдарламаларды қысқартуды талап етуі мүмкін. Бірқатар ел, мәселен, Францияда бұл жайт саяси дағдарысқа алып келді. Ол кезде орталықшыл үкімет ультраоңшылдармен де, ультрасолшылдармен де шығыстарды қысқартып, салықты арттыру мәселесінде ортақ ымыраға келе алмады.

Дегенмен, Еуропа елдері үшін бұл әскери өндіріске инвестиция көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Олар бұл қадамды Ресеймен қарым-қатынастың шиеленісуіне байланысты әскерді күшейту қажеттілігімен түсіндіре алады. Мысалы, Германия биыл желтоқсанда әскери қызметке шақыруды біртіндеп қайта қалпына келтіруге арналған заң жобасын қабылдады. КСРО күйрегеннен кейін мұның аса қажеттілігі бола қойған жоқ әрі Еуропа белсенді өнеркәсіптік саясат та жүргізбеді.

Бірақ енді Еуропада өзінің қорғаныс және өнеркәсіп саясатын өзгертуі үшін байыпты себеп бар. Тіпті егер Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс жақын арада аяқталса да, тарап өкілдерінің мәлімдемелеріне қарағанда Ресеймен қарым-қатынастағы шиеленіс әлі де сақталады. Өйткені, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс ағымдағы күн тәртібін айқындайды. Біз оның аяқталуынан кейін қандай болатынын білмейміз.

Таяу Шығыстағы күштердің жаңаша орналасуы

Маңызды оқиғалардың қатарында Таяу Шығыста орын алған айтарлықтай өзгерістерді атап өтуге болады. Израиль мен Иран арасындағы 12 күндік соғыс соңғы 30-40 жыл ішінде алғаш рет осынау маңызды өңірдегі күштердің орналасуын түбегейлі өзгеріске ұшыратқан оқиғалар тізбегімен аяқталды. Олардың ішінде Израильдің Ливандағы «Хезболла» басшылығына қарсы жасаған соққысы, Қатардағы ХАМАС басшыларын жоюы және 2025 жылдың маусымында Иранға қарсы жүргізген әуе соғысы бар.

Тегеран отказался от возобновления переговоров по ядерной программе
Фото: Anadolu Ajansi

Осы оқиғалардың барлығы Тегеран құрған әртүрлі шиит және «ХАМАС» сынды сүниттік ұйымдардың арасындағы «қарсылық осі» деп аталатын өткір дағдарысқа алып келді. Қалай дегенде де Иран 12 күнге созылған соғыс барысында ливандық «Хезболла», ирактық «Қатаиб Хезболла» және өзге де күштерді Израиль мен АҚШ нысандарына шабуыл жасау үшін жұмылдырған жоқ. Алайда барлығы да соны күтіп, қауіптенген болатын.

Әсіресе бұл Парсы шығанағының сүнниттік монархиялары үшін маңызды болды. Өйткені Иран қолдауына ие «қарсылық осі» олар үшін үлкен қауіп төндіретін еді. Атап айтқанда, Сауд Арабиясы мен Бахрейнде көптеген шиит бар және осы елдердегі Иранның белсенді саясаты алаңдаушылық тудырады.

Енді 12 күнге созылған соғыстан кейін Парсы шығанағындағы сүннит монархиялары Таяу Шығыстағы басым күш ретіндегі мән-маңызын күшейте түсті. Мәселен, олар Сирияға Ахмет Аш-Шарааның, сонымен қатар Ауғанстандағы тәліптердің үкіметіне қолдау көрсетеді.

Айта кетерлігі, бұрынғы Башар Асадтың режимінде де Сирия Иранның «қарсылық осінің» бөлігі, бірақ белгілі бір тәуелсіздігі бар ел ретінде қарастырылды. 2024 жылдың желтоқсанында Асадтың тақтан таюы Иранның ықпалын әлсіретуге ықпал етті. Алайда, ең маңызды өзгерістер Сириядағы «Хайят Тахрир аш-Шам» исламшыл ұйымының эволюциялануы болды. Дәл осы ұйым билік басына келген еді. Сирия исламшылдарды мемлекетті ислам тұжырымдамасы негізде құруға ұмтылмай, 2025 жылдың қазанында сайлау өткізді. Дегенмен сайлаудың да олардың бақылауымен өткені анық. 10 қарашада Ахмед аш-Шараа Вашингтонда Трамппен кездесті. Бұл ретте аталған кездесуге Парсы шығанағының сүннит монархтарының ықпалы болған сияқты. Өйткені, биыл олардың америкалық президентпен қарым-қатынастары жақсара түскен еді.

Армения и Азербайджан
Фото: depositphotos.com.

Оңтүстік Кавказ: бейбітшілік жолында ілгерілеу

Биылғы маңызды өзгерістердің бірі — 2025 жылдың тамызында Әзербайжан мен Армения басшыларының Вашингтонда өткен кездесуі. Трамптың қатысуымен олар әскери қақтығыстардан бас тарту және бірқатар сауда келісімдерін, оның ішінде көлік дәлізін салуды қарастыратын декларацияға қол қойды. Бұл әлі бейбіт келісім емес. Бірақ Оңтүстік Кавказдағы және посткеңестік кеңістіктегі ең ұзақ қақтығысты реттеу жолында үлкен қадам еді.

Әрине, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс әлі де ең өткір мәселе болып қала береді. Осы жылдың соңында тараптар белгілі бір нәтижелерге жетті. Бірақ АҚШ-тың араласуымен жүргізіліп жатқан келіссөздер әлі де жалғасуда. Осы жылдың соңында қандай да бір нақты нәтижелерге қол жеткізу күмән тудырады. Бірақ қалай дегенде де келіссөздер барысында белгілі бір прогресс бар. Келіссөздер негізінен жабық есік жағдайында өтіп жатқандықтан тараптардың қандай ымыраға келетінін айту қиын.

Осылайша өтіп бара жатқан жыл күрделі болып, көптеген түрлі оқиға орын алды. Дегенмен, өзгерістердің жаһандық сипатта екендігі айқын және олардың салдарын біржақты бағалауға болмайды. Әлем өзгеріске ұшырап жатыр және соған дайын болу қажет.

Соңғы жаңалықтар