Түрген — Асы жолының екі учаскесін су шайып кетті: қазір жағдай қалай
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында су деңгейінің көтерілуіне байланысты «Түрген — Асы» автожолының екі учаскесін су шайып кетті.
Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің мәліметінше, 3 шілдегі жағдай бойынша «Түрген — Асы» автожолының учаскесін қалпына келтіру үшін барлық техника Батан шатқалына жұмылдырылған.
Бірінші учаскеде жолдың шамамен 100 метрін су шайған. Онда балласт төгу арқылы қозғалыс қалпына келтірілген.
Екінші учаскеде шамамен 40 метр жолды су шайған. Қазіргі уақытта мұнда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда: автожолды бұталардан, ағаштар мен тастардан тазарту, сондай-ақ зақымдалған учаскеге топырақ төгу жұмыстары қолға алынған.
Аталған жұмыстарға жергілікті атқарушы органдардың, облыстық ТЖД-ның, «Қазселденқорғау» мекемесінің, «Іле-Алатау» МҰТП Түрген филиалының мамандары мен техникасы жұмылдырылған.
Еске салайық, бұған дейін Еңбекшіқазақ ауданында «Түрген — Асы» автожолын және демалыс аймағын су басқанын жазғанбыз.
Ал Жаңатұрмыс ауылындағы «Карьер Аксай» ЖШС аумағында Ақсай өзені арнасы табанының шайылуы салдарынан карьердің солтүстік-батыс бөлігінде топырақ опырылды.
Кейін Алматы облысының Қарасай ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.