Тұрғын үй ауласындағы атыс: Астана полициясы мән-жайды айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында оқ атылды. Оқиғаға қатысты Астана қаласы полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Оқиға орнына патрульдік полиция экипаждары жедел жетті.
Алдын ала мәлімет бойынша, тұрғын үйдің ауласында алкогольдік ішімдік ішкен бір топ жас болған. Олар агрессия көрсеткен.
Полицияның хабарлауынша, тұрғындардың бірі құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында газ тапаншасынан аспанға ескерту ретінде оқ атқан.
— Оқиғаға қатысушылардың барлығы сол жерде ұсталып, полицияға жеткізілді. Құқық бұзушыларға қатысты заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады, — деп хабарлады полиция.
Сондай-ақ полиция департаменті тұрғындардың жарақат алғаны туралы ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтті.
— Көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз. Азаматтарды ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз. Тұрғындардың жарақат алғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, — деді тәртіп сақшылары.
Құқық бұзушыларға қатысты заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады.
Бұған дейін Астана тұрғыны газ тапаншасын қолданып бұзақылық жасағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылғанын хабарлаған едік.