Тұрғын үйге заңсыз үлескер тарту, жарнамалау: айыппұл мөлшері 7 есе өсті
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасы Бақытжан Жүнісбеков жаңа заңға сай тұрғын үй құрылысына заңсыз үлескер тарту және жарнама жасау әрекетіне қандай жаза тағайындалатынын айтты.

— Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың тартымдылығын арттыратын нормалармен қатар, осы саладағы мемлекеттік реттеуді күшейтуге бағытталған түзетулер де көзделген. “Азаматтық кодекске” түзетулер енгізіліп, салынып жатқан тұрғын үйлерге үлескер болу үшін алдын ала шарт жасасуға тыйым салынған. “Әкімшілік құқықбұзушылық туралы” ҚР Кодексіне заңсыз үлескер тарту және Бірыңғай оператордың рұқсатынсыз немесе кепілдігінсіз жарнама тарату үшін айыппұл санкцияларын 300-ден 2000 АЕК-ке дейін (1 179 600 теңгеден 7 864 000 теңгеге дейін) ұлғайту жөнінде түзетулер енгізілді. ҚР «Жарнама туралы» Заңына жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз немесе Бірыңғай оператордың кепілдігінсіз салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйдің жарнамасын таратуға тыйым салатын түзетулер енді, – деді ол ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Спикердің айтуынша, ҚР «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңына банктерге (ЕДБ) сатып алынатын үлеске төлемнің заңдылығын «КАЗРЕЕСТР» ақпараттық жүйесі арқылы тексеруге мүмкіндік беретін түзетулер де көзделген. Аталған жүйеге қолжетімділікті «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ қамтамасыз етеді.
— ҚР «Банктер және банк қызметі туралы» Заңына жергілікті атқарушы органның рұқсаты немесе Бірыңғай оператордың кепілдігі жоқ нысандарға ипотека беруге тыйым салуға бағытталған түзетулер енгізілген. ҚР «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңына аз қабатты құрылысты да осы Заңның қолданылу аясына енгізетін түзетулер қарастырылған, – деп түйді сөзін Бақытжан Жүнісбеков.
Өзгерістерге сай, ендігі жерде сатып алушы құрылыс нысанының Бірыңғай оператордан кепілдігін барын онлайн тексере алады.
Сондай-ақ салынып жатқан үйден “Отбасы” арқылы ипотека рәсімдеу талаптары айтылды.
Одан бөлек құрылыс компанияларының Бірыңғай оператор кепілдігін алуы жеңілдетілді.
Енді үлескер қолма-қол ақшаға пәтер сатып ала алмайды.