«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» 80 жылдық тәжірибесі бар германиялық әріптесімен келісімге келді (ФОТО)

- Ұдайы жетілдіріп отыру, ең жақсы халықаралық тәжірибені алып, Қазақстанға енгізу, тәжірибесі мол қызметкерлерді тарту - басты міндет. «Нұр Отан» партиясының XVI құрылтайында Мемлекет басшысы осындай тапсырма берді. Біз даму жолымен жүріп келеміз. Ел азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз етудің қолжетімді тетіктерін ұсынамыз. Отбасының және балаларының болашағына сеніммен қарау, баспаналы болу секілді адамның ең басты қажеттіліктеріне қол жеткізуіне көмектесеміз, - деді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Директорлар кеңесінің төрайымы Алина Алдамберген неміс әріптестерімен кездесу кезінде.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі үшін Баушпаркассе Швебишь Халльдің тәжірибесі аса маңызды. Өйткені, Еуропалық құрылыс жинақ кассасының 80 жылдық тәжірибесі бар. Осы уақыттан бері тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін ілгері дамытты. Бұл жүйе Германияға ең маңызды әлеуметтік мәселе - азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешуге жәрдемдесіп келеді. Сонымен қатар өзінің тұрақтылығын бірнеше мәрте нақты дәлелдеп берген. Инфляция және дағдарыс кезінде де қайраңдап қалмай, керісінше, ширыға, ысыла түсті. Қазір Баушпаркассе Швебишь Халльдің Германиядағы кредит беру нарығындағы үлесі 30%-ға жеткен. Құрылыс жинақ кассасының шарттық сомасы 274 миллиард еуро болатын 7,4 миллион салымшысы бар. Жыл сайын 13 миллиард еуроға тұрғын үй сатып алуды қаржыландырады. Бұл касса Германия азаматтарына бүгінге күнге дейін 300 млрд. еуроға жуық қарыз берген. Бұл қомақты қаражат 8,6 млн. пәтер мен үйді сатып алуға, жөндеуге және құрылыс салуға жұмсалған. Бүгінде Германияда ескі үйлерді жаңғырту өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан жаңа пәтер сатып алудан гөрі, осы мақсатқа көп қарыз алынатын көрінеді. Қазақстан осы жүйені жүзеге асыруда Еуропаның тәжірибесін алған посткеңестік кеңістегі алғашқы мемлекет болды. Осы уақыт ішінде банк салымшыларының саны 760 000 мыңнан асып жығылды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ашылғалы бері 401 434 млн. теңгеге, 92 мың салымшыға тұрғын үй мәселесін шешуге қолғабысын тигізген. 2015 жылдың 1 шілдесіндегі дерек бойынша, банк екінші деңгейлі банктер арасында ұзақ мерзімді салымдар бойынша бірінші орында тұр. Клиенттерінің депозиттік базасы - 272,7 миллиард теңге. 5 айдың қорытындысы бойынша, екінші деңгейлі банктердің құрылысқа және тұрғын үй алуға берген кредит нарығындағы ҚТҚЖБ-нің үлесі 75%-ға жетті ( 2014 жылы - 33%). Қазақ және неміс әріптестері арасындағы меморандум тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін әрі қарай жетілдіре түсуге жаңа мүмкіндік бермек.