Түрік кәсіпкерлері Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктеріне үлкен қызығушылық танытты (ФОТО)

Форумда ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ерлан Хаиров, «KAZNEX INVEST» АҚ басқарма төрағасы Борисби Жанғоразов және басқалар сөз сөйледі.
Түрік бизнесінің жетекші холдингілерімен және корпорацияларымен сындарлы диалог болды. Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады. Екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы, мата, мақта-мата, тері, жиһаз өнеркәсібі, сондай-ақ энергетика және дәнді дақылдарды өңдеу салаларында қалыптасқан байланыстар деңгейін өрістете түсу қажет деген тоқтамға келді.
Түрік бизнесі «капитандарымен», соның ішінде ҚР аумағында қазірдің өзінде белсенді жұмыс істеп жатқан компаниялар басшыларымен бөлек конференция өткізілді. Соның ішінде 2015 жылы Қазақстандағы үздік инвесторлар ондығына кірген түрік компанияларының өкілдерімен кездесулер болып өтті.
Түркия экономика министрлігінің жанындағы сыртқы экономикалық байланыстар комитетінің төрағасы Омер Джиһад Вардан сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілігін білдірді. Ол бірлескен инвестициялық жобалар ауқымындағы уағдаластықтарды жүзеге асырудың практикалық тетіктерін жасауды ұсынды.
DEİK жанындағы қазақстан-түрік іскерлік кеңесінің төрағасы Мерт Тайфун Сары Қазақстанда қазақстандық-түрік индустриялық аймағын құру жөніндегі бірлескен жұмыстың маңызын атап көрсетті,
Екі конференцияның қорытындысымен Қазақстанға инвестиция салуға және ҚР-ында жаңа кәсіпорындар ашуға тілек білдірген түрік бизнесінің өкілдерімен 90-нан астам кездесулер өтті. Түрік кәсіпкерлері Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктеріне және ұсынылған әлеуетті инвестициялық жобаларға зор қызығушылық білдірді.