Туристердің ең жиі жіберетін қателіктері қандай
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Белсенді демалушылар қандай ережелерді жиі елемейді? Тауға қалай дұрыс дайындалу керек және ең алдымен нені алып бару керек? Осы және өзге де сұрақтарға ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Вадим Пактің айтуынша, жаяу серуендеу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, ең алдымен жұру бағытын жоспарлап, ол туралы таныстарыңыз бен жақындарыңызға айтып, хабардар ету керек.
«Тауға шығуды жоспарламас бұрын, жүру бағытын анықтап, топтың санын есептеу керек, алдағы сапардың барлық ерекшеліктерін толық білу керек: шығатын уақыт, қайтатын уақыт, маршруттың күрделілігі және т.б. Бұл жерде жиі кездесетін қателік – жақындар мен таныстарға ескертпестен, үндемей кету. Апат болған жағдайда зардап шегушіні тезірек табу үшін маршрутты, тұрақтаған орындарды анықтауға көп уақыт кетеді», - деді ол өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде.
Одан кейінгі ең маңызды жайт – қажетті жабдықты дайындау. Құтқарушылардың ұсынысы бойынша, әр туристің рюкзагында төтенше жағдайларға арналған алғашқы көмек қобдишасы, қосалқы батареялары бар шамдар мен басқа да жарықтандырғыштар, қуаттағыш құралдар, су және жеңіл тағамдар болуы керек. Таулардағы құбылмалы күн райын ескере отырып, ауыстыруға болатын жылы киім де артық болмайды.
«Тауда ауа температурасы қалаға қарағанда әлдеқайда төмен. Тауға шығатындардың жіберетін қателігі – олар өздерімен бірге жылы, ауыстыруға болатын киімдерді алмайтындығында. Өйткені, тауға шыққанда адам қатты терлейді, содан кейін ол жел тиіп, суық тиюі мүмкін», - деп атап өтті спикер.
Егер турист төтенше жағдайға тап болса, құтқарушыларды шақыру үшін 112 нөміріне қоңырау шалу керек. Байланыс болмаған жағдайда, туристер осы мақсаттар үшін салынған лашықтарды паналап, құтқарушыларлы күте алады. Құтқару лашықтары таулы маршруттардың жиі баратын учаскелерінде орнатылған.
«Егер тауда байланыс болмаса, қазір Алматы қаласының ТЖД-мен бірлесіп, турист немесе туристер тобы суықтан, қолайсыз күн райынан біраз уақыт паналай алатын құтқару лашықтары салынған. Демек, көмек күте алады немесе қараңғы уақытта сол жерге түней алады. Әрі қарай, егер күн шықса, маршрут бойынша үйге қарай жүрген дұрыс. Егер адасып қалса, онда сол орында қалу керек. Егер байланыс болса, құтқарушыларды қайтадан шақыру керек немесе әдетте жақын маңдағы түнеген лашықтарда ақпараттық тіректердегі телефон нөмірлерін пайдалану керек», - деп атап өтті В. Пак.