Туристік аймақтарда әмбебап құтқару бөлімшелері ашылады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов құтқару бөлімшелері қай туристік аймақтарда ашылатынын айтты.
— Қазір туристік аймақтарда 42 өрт сөндіру бөлімі және 9 құтқару станциясы жұмыс істеп тұр. Соның ішінде Алакөл, Бурабай, Үлкен Шабақты, Шалқар, Имантау, Пестрое, Көлсай көлдерінде орналасқан. Алдағы уақытта 9 әмбебап бөлімше ашамыз және 6 құтқару станциясын Балқаш көлінің, Қапшағай, Бұқтырма су қоймаларының жағасында, Баянауыл курорттық аймағында іске қосамыз, — деді Ш. Әрінов.
Оның айтуынша, құтқару қызметтерінің әуе мобильдігін қамтамасыз ету мақсатында авиация инфрақұрылымы дамып келеді. Атап айтқанда ангарлар мен тікұшақ алаңдары салынып жатыр.
— Мамыр айында алғаш рет «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағында өз күшімізбен салынған тікұшақ алаңын аштық. Бұл жоба зардап шеккендерді эвакуациялау уақытын жеделдетуге және құтқару операцияларын жүргізудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осындай объектілерді еліміздің басқа да туристік орындарында саламыз. Осыған ұқсас алаң Алматыдағы 4 қалалық аурухананың аумағында іске қосылды, ол пациенттерді тасымалдау уақытын айтарлықтай қысқартып, шұғыл медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттырады, — деді министр.
Бұған дейін демалыс орындарындағы жағалауларға жасанды интеллект арқылы бейнебақылау жүйелері енгізіліп жатқанын жазған едік.