Ел аумағында қайықтарды тексеру басталады — ТЖМ
АСТАНА. KAZINFORM — Демалыс орындарындағы жағалауларға жасанды интеллект арқылы бейнебақылау жүйелері енгізіліп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мәлім етті.
— Демалыс объектілері мен аймақтарының, туристік базалардың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ жағажайларда және суға шомылу орындарында қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аударылады. Жазғы маусымға дайындық аясында 500-ге жуық объекті мен жағажай тексеріліп, нәтижесінде 800-ге жуық қауіпсіздік талаптарын бұзу дерегі анықталды. Бұл ретте демалыс орындарының иелеріне әдістемелік көмек көрсетілді, төтенше жағдайлар кезінде әрекет ете білу нұсқаулықтары мен практикалық жаттығулары өткізілді, — деді Ш. Әрінов.
Оның айтуынша, жақын арада Министрлікке шағын көлемді кемелердің қауіпсіз пайдаланылуын бақылау-қадағалау функциясы беріледі. Тексеру шаралары 1 шілдеден басталады.
— Еліміздің су айдындарындағы шағын көлемді кемелер мен тұрақ-базаларына тексеріс жүргізіліп, ережені бұзу жағдайы анықталса, жедел ден қою шаралары қабылданады. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жағалауды жасанды интеллект арқылы бейнебақылау жүйелерін кезең-кезеңмен енгізіп жатырмыз. Аталған жүйе Алакөлде орнатылды. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін тұрғындар мен туристер арасында өзін қауіпсіз ұстай білу профилактикасы күшейтілді, — деді министр.
Сонымен бірге, барлық ұлттық парктер банк сервистері арқылы онлайн төлемге қосылған.
Бұған дейін туризм саласында 600 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылғанын жазған едік.