Туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 460 млрд теңгеден асты
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылғы маусым айының қорытындысы бойынша туризм саласында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінде оң көрсеткіш байқалды. Яғни, биылғы алғашқы 6 айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 460,2 млрд теңгеге жеткен.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, бұл сома 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (390,5 млрд теңге) 18%-ға өсіп отыр.
Талдау барысында тұрғын үй және тамақтану, өнер, ойын-сауық және демалыс, көлік, жалға беру, туризм бизнесі, спорт және бос уақытты ұйымдастыру сынды 14 экономикалық қызмет түрі ескерілді.
Өңірлер бойынша инвестиция өсімінде көш бастағандар:
Ақтөбе облысы – өсім 342%
Ұлытау облысы – өсім 154,7%
Қызылорда облысы – өсім 106,2%
Атырау облысы – өсім 96,6%
Алматы қаласы – өсім 74,7%
Павлодар облысы – өсім 62%
Бұл көрсеткіштер туризм саласының қарқынды дамып келе жатқанын және сектордың инвестициялық тартымдылығы артып отырғанын көрсетеді.
Еске сала кетейік, осыған дейін Туризм және спорт министрлігі еліміздің туристік өңірлеріне жасалған инспекциялық сапары аясында Ақмола, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары мен Абай және Жетісу облыстарындағы туристік нысандарды аралап шыққанын жазған едік.