Туризм және спорт министрі Руслан Құрбановты марапаттады
АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов семсерлесуден ұлттық құраманың жетекші спортшыларының бірі Руслан Құрбановпен және Қазақстан семсерлесу федерациясының президенті Мирболат Әбуовпен кездесті.

Кездесу барысында министр отандық спорттың дамуына қосқан елеулі үлесі мен халықаралық ареналардағы жетістіктері үшін Руслан Құрбановты ведомстволық «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.

Руслан Құрбанов – еліміздегі ең танымал семсерлесушілердің бірі. Ол – 2023 жылы Миланда өткен әлем чемпионатының жүлдегері, 2017 жылғы Азия чемпионатының жеңімпазы, Азия ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері, биылғы Гран-при турнирінің финалисі. Сондай-ақ Руслан былтыр Парижде өткен жазғы Олимпияда ойындарында жеке және командалық есепте алтыншы орынға ие болған еді.

Бұдан бөлек, министр Мирболат Әбуовті елімізде семсерлесу спортын дамыту жолындағы көп жылғы еңбегі үшін «Құрметті спорт қызметкері» атағымен марапаттады.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, кездесу барысында Ербол Мырзабосынов мықты спортшылар мен кәсіби спорт менеджерлерін қолдаудың маңызын ерекше атап өтті. Өйткені олардың жетістіктері Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға елеулі үлес қосады.
Айта кетелік гран-при турнирінде күміс медаль алған қазақстандық семсерлесуші Руслан Құрбанов алдағы мақсаты туралы айтқан еді.