Түркі Академиясының VIII жазғы мектебі басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Конья провинциясындағы Селжүк университетінде түркі әлемі елдері мен басқа да мемлекеттерден келген жас зерттеушілердің басын қосқан Түркі Академиясының VIII дәстүрлі жазғы мектебі басталды. Бір аптаға жоспарланған ғылыми шараға түркі елдері мен өзге мемлекеттерден келген 30-дан астам жас зерттеуші қатысып жатыр.
Жазғы мектепті Түркі академиясы, Түркия ғылым академиясы (TÜBA) және Селжүк университеті бірлесіп ұйымдастырған. Бағдарлама аясында Түркі академиясымен көп жылдан бері ғылыми байланыс орнатқан түркі әлемі елдерінің жетекші ғалымдары мен сарапшылары дәріс оқиды. Мамандар бір апта бойы жас зерттеушілерге өз тәжірибесімен бөлісіп, ғылыми ізденістеріне бағыт-бағдар береді.
Биылғы жазғы мектепке Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Албания, Босния және Герцеговина, Грузия, Моңғолия, Ресей, Солтүстік Македония және Татарстаннан 30-дан астам жас зерттеуші жиналды. Олар бір апта бойы дәрістер мен пікірталастарға, сондай-ақ басқа да академиялық іс-шараларға қатысып, кәсіби білімін жетілдіреді және халықаралық ғылыми байланыстарын нығайтады.
– Бұл жазғы мектептің маңыздылығы әртүрлі елдерден келген жас зерттеушілерді бір ортаға жинап, білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беруінде. Мұнда қалыптасатын ғылыми байланыстар болашақта бірлескен зерттеулер мен түркі әлемі ауқымындағы ірі ғылыми жобаларға ұласатынына сенімдіміз, — деді Селжүк университетінің проректоры Зеки Байрамоглу.
VIII жазғы мектептің бағдарламасы түркі әлемінің тарихы мен мәдени географиясын, түркі тілдері мен әдебиетін, өркениеттік мұрасын, өнер тарихы мен сәулетін, сондай-ақ дәстүрлі өнер түрлерін қамтиды.
Айта кетейік, Түркі әлемінің археологтары ортақ цифрлық база құруға келісті.
Сондай-ақ, Түркі мемлекеттері ұйымының алғашқы бірлескен спутнигі 2027 жылы ұшырылады.