Түркі әлемінде жан-жақты қарым-қатынас нығайтылады – Сенат
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

Аталған хаттамаға 2022 жылғы 11 қарашада Самарқанда өткен саммитте Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары қол қойған.
— Хаттама 2009 жылы жасалған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізуді көздейді. Яғни, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін Түркі мемлекеттері ұйымына айналдыруды мақсат еткен. Хаттамамен негізгі Келісімге 10 өзгеріс енгізу қарастырылған. Атап айтқанда, Хаттаманың 1-бабы негізгі Келісімнің атауын «Түркі мемлекеттері ұйымын құру туралы Нахчыван келісімі» деп өзгертуді, ал 2-бабы «Түркі мемлекеттері ұйымы» деп аталатын толыққанды халықаралық ұйымды құруды көздейді, — деді сенатор Алишер Сатвалдиев.
Оның айтуынша, Түркі ынтымақтастығы институттарының ресми мәртебелерін айқындау мақсатында Хаттаманың 5-бабы түркі интеграциясы аясында ұйымдарды екі санатқа бөлуді қарастырады:
1. Сабақтас органдар ретінде ТҮРКСОЙ мен ТүркПА айқындалды.
2. Үлестес ұйымдар ретінде Түркі академиясы мен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры көрсетілді.
Сонымен қатар, Ұйымдағы мемлекеттер басшыларының жыл сайын бейресми отырыстарын өткізу, Ұйым құрылымдары әзірлеген құжаттарды қабылдау рәсімі, төрағалық тәртібі бағытындағы өзгерістер қамтылды.
— Хаттаманың 10-бабында Түркі мемлекеттері ұйымы жанында мемлекеттерге, халықаралық ұйымдарға және басқа да құрылымдарға байқаушы мәртебесін беру нормасы көзделген. Бүгінгі таңда Хаттаманы Әзербайжан және Түркия ратификациялады. Бұл Келісім түркі әлеміндегі қатынастар эволюциясының нәтижесі және Нахчыван келісімі аясында тараптар арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету еркі саналады. Оған қосылу Қазақстан Республикасының стратегиялық және тұжырымдамалық құжаттарының басым бағыттарына сәйкес келетінін атап өткен жөн. Еліміздің сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында көзделген басымдықтар қатарында Азия өңіріндегі халықаралық ұйымдармен, оның ішінде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің қызметіне белсенді қатысу айқындалған. Бүгінгі таңда Қазақстан түркі әлемінің Атажұрты ретінде ұйымға мүше барлық елмен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән беріп отыр, — деді депутат.
Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болған ұйымдардың тарихын зерделесек, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болғанын көреміз. ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Түркі академиясы — соның айқын дәлелі. Бұл ұйымдар бауырлас елдердің мәдени-рухани жақындасуына өлшеусіз үлес қосып отыр. Хаттама Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және өзге де халықаралық-құқықтық актілерге қайшы келмейді, ал оны қабылдау теріс әлеуметтік, қаржы-экономикалық және экологиялық салдарға әкеп соқпайды.
Еске салсақ, Парламент Мәжілісі Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізетін заңды 2024 жылы желтоқсан айында қабылдады.
Бұдан бұрын Ақтау қаласы түркі әлемінің 2025 жылы мәдени астанасы атанғанын жазған едік.