Түркі елдері азаматтық қорғау саласында ынтымақтастықты күшейтеді - Заң

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң қабылданды.

Мәжіліс
Фото: Мәжіліс

- 2024 жылғы қарашада Түркі мемлекеттері ұйымының мемлекет басшылары кеңесінде қабылданған шешім негізінде төтенше ведомстволардың басшылары Азаматтық қорғау механизмін құру туралы келісімге қол қойды. Аталған Келісім апаттар мен төтенше жағдайларға ден қоюдың, сондай-ақ зардап шеккен мемлекетке ерікті қолдау көрсетудің бірлескен тетігін құруға бағытталған. Оның әкімшілік жұмыс органдары ретінде Министрлер кеңесі мен Азаматтық қорғау механизмінің Хатшылығы белгіленді. Хатшылықтың штаб-пәтері Ыстанбұл қаласында орналасқан, оны Министрлер кеңесі 3 жыл мерзімге тағайындайтын Бас хатшы басқарады. Оны құруға түрік тарапы қажетті қолдау көрсетеді, - деді ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев.

Оның айтуынша, Министрлер кеңесін Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық ететін мемлекеттің төтенше жағдайлар ведомствосының басшысы басқарады. Жыл сайын барлық мемлекеттер 50 мың АҚШ доллары көлемінде жарна енгізеді.

- Біздің еліміздің қаржы қаражаты Сыртқы істер министрлігінің «Қазақстанның халықаралық ұйымдарға, халықаралық және өзге де органдарға қатысуы» 017 бюджеттік бағдарламасы аясында көзделген. Бұл Келісімді іске асырудың ешқандай теріс салдары жоқ, керісінше жолға қойылған жүйенің арқасында түркі мемлекеттері арасында азаматтық қорғау саласындағы өзара қолдау мен ынтымақты күшейтуге мүмкіндік береді, - деді вице-министр.

Еске салсақ, былтыр күзде Түркі мемлекеттері ұйымы ХІІ саммитінде Габала декларациясына қол қойылғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар