Түркі елдері өзінің географиялық орналасуын геоэкономикалық артықшылыққа айналдырып келеді — сарапшы

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер өзінің географиялық орналасуын геоэкономикалық артықшылыққа айналдырып жатыр. Мұндай пікірді Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне сұхбат берген белгілі өзбекстандық саясаттанушы, Әлемдік экономика және дипломатия университеті Халықаралық қатынастар кафедрасының доценті Мурат Бахадиров білдірді.

Мурат Бахадиров
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Сарапшының пайымынша, бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы ынтымақтастық әлеуеті жоғары. Әуелде бұл формат мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға, ортақ құндылықтарды ілгерілетуге назар аударса, қазір кешенді өңірлік үйлестіру органына айналып келеді.

— Біріншіден, Орталық Азия мемлекеттері мен Түркия экономикалық серіктестерді әртараптандыруға, көлік-логистика саласын дамытуға және өңірлік өзара байланысты тереңдетуге мүдделі. Екіншіден, әлемдік экономиканың трансформациясы, сауда дәліздерінің өзгеруі, ірі мемлекеттер арасындағы бәсекенің күшеюі — түркі елдерінің қосымша ықпалды үйлестіру институттарын іздеуге итермелейді. Сондықтан көлік-логистика саласындағы интеграция, Орта дәлізді дамыту, цифрландыру, энергетика, инвестициялық ынтымақтастық пен жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріліп отыр. Бұл ретте әзірге Еуропа Одағының үлгісінде жоғары ұлтүстілік құрылым жасақтау жайлы әңгіме жоқ екенін түсіну маңызды. Керісінше, ТМҰ ұлттық мүдде мен ұжымдық ынтымақтастық арасындағы теңгерімді сақтауға екпін түсіре отырып, тараптар үшін икемді стратегиялық серіктестік платформасы ретінде даму үстінде, — деді Мурат Бахадиров.

Саясаттанушы биылғы саммиттің Түркістан қаласында өтуі түркі әлемі үшін терең тарихи маңызға ие екенін атап өтті.

— Түркістан Қожа Ахмет Ясауи мұрасымен және тұтас түркі халықтарының ортақ мәдени кеңістігі қалыптасқан өңір ретінде белгілі. Саммит алаңы ретінде осы қаланың таңдалуы тарихтан тамыр тартқан елдердің бірлігін айшықтап тұрғандай. Сонымен қатар Қазақстан осы шешімі арқылы Түркістанның түркі әлемінің маңызды символдық орталығы ретіндегі рөлін нығайтып отыр. Ел билігі шаһарды халықаралық мәдени және туристік өңірге айналдыру үшін инвестиция бағыттап жатыр. Іс-шараның осы мекенде ұйымдастырылуы Түркістан қаласының беделін арттырып қана қоймай, Қазақстанның түркі интеграциясының негізгі қозғаушы күші ретіндегі имиджін де нығайта түседі, — дейді сарапшы.

Мурат Бахадировтің сөзінше, қазіргі сын-қатерлерге байланысты ТМҰ форматы өзгеріп, тәуекелдерге тез бейімделіп келе жатыр. Пандемиядан кейін көлік байланысы, цифрлық экономика, азық-түлік қауіпсіздігі және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері алдыңғы қатарға шықты. Осы себепті ұйым өзінің қызмет бағытын біртіндеп кеңейте бастады.

— Қосымша фактордың бірі — Азия мен Еуропаны байланыстыратын Орта дәліздің белсенді дамуы. Осылайша, түркі мемлекеттері өзінің географиялық орналасуын геоэкономикалық артықшылыққа айналдырып жатыр. Тиісінше, ТМҰ инфрақұрылым, сауда және транзиттік жобаларды үйлестіру платформасы ретінде рөлін нығайта түсті. Өңір елдері бүгінде ірі мемелекеттермен ынтымақтастықты тереңдете отырып, көпвекторлы сыртқы саясат жүргізуде. Сондықтан белгілі бір блоктық жүйеге негізделмеген ұйым аймақтық өзара іс-қимылды үйлестіретін маңызды алаң болып отыр, — деп пікір қосты Мурат Бахадиров.

Өзбекстандық саясаттанушы саммитте көтерілген мәселелерге де тоқталды. Оның айтуынша, технологиялық даму мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды фактор.

— Көлік-логистикалық интеграцияға, ең алдымен Транскаспий халықаралық көлік дәлізі мен ТМҰ елдерінің инфрақұрылымдық жобаларын өзара үйлестіруге баса назар аударылды. Бұл Орталық Азия мемлекеттері үшін сыртқы нарықтарға шығу және транзиттік бағыттарды әртараптандыру тұрғысынан стратегиялық маңызға ие. Бұдан бөлек, халықаралық қарым-қатынас жүйесінде тұрақсыздық кезеңінде өңірлік қауіпсіздік, тұрақты даму және маңызды мәселелер бойынша ортақ ұстаным қалыптастырудың маңызы артып келеді. Ұйым әскери-саяси блок болмаса да, қатысушы мемлекеттер өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселелері бойынша консультативтік өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі, — деп түйіндеді Мурат Бахадиров.

Еске салайық, бүгін Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтті. Оның барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірақатар маңызды бастама көтерді. Саммиттің қорытындысы бойынша Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары Түркістан декларациясына қол қойды.