Түркі мемлекеттері ұйымының үкімет басшылары Бакуде өңірлік ынтымақтастық мәселелерін қарастырды
БАКУ. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Әзербайжанның Баку қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің үкімет басшыларының кездесуіне қатысты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Жұмыс сапары аясында Олжас Бектенов Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің делегация басшыларымен ұжымдық қабылдауына және ұйымға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары мен вице-президентінің екінші кездесуіне барды.
Әзербайжан Президентімен өткен кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Олжас Бектенов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі мен лебізін жеткізіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетініне назар аударды. Қазақстан Үкіметі өнеркәсіп, көлік-транзит, ауыл шаруашылығы, энергетика, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы әріптестікті дамытуға басымдық береді.

Түркі мемлекеттері ұйымы үкімет басшылары мен вице-президентінің екінші кездесуіне Әзербайжан Премьер-министрі Әли Асадов, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Касымалиев, Түркия вице-президенті Джевдет Йылмаз, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев және бақылаушылар қатысты.
Кездесу барысында ұйым мүшелерінің тапсырмаларын орындау барысы қаралып, өңірлік және жаһандық сын-қатерлерге қарсы өзара іс-қимыл, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту, көлік инфрақұрылымын дамыту, Орта дәліздің цифрлық интеграциясы және энергетикалық қауіпсіздікті нығайту мәселелері талқыланды.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов экономикалық ынтымақтастықты арттыруда ТМҰ-ның рөлі өсіп келе жатқанын атап өтті. Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздеріне сүйене отырып, ұйымның негізін қалаушылар ретінде түркі интеграциясын ұзақ мерзімді, прагматикалық және экономикалық бағытталған үдеріс ретінде қарастыратынын жеткізді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің өзара сауда көлемі 12,9 миллиард АҚШ долларына жеткен. Қазақстан бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарды одан әрі дамытуға мүдделі.
Түркі елдерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағын күшейтіп, оны Түркі инвестициялық қорымен тығыз байланыстыру қажеттігі атап өтілді. Бұл ұйымның экономикалық институттары арасындағы өзара әрекетті жақсартуға ықпал етеді.
Қазақстан Бішкекте өткен ТМҰ-ның XI саммитінде қол қойылған Цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы келісімді (DEPA) ратификациялауды жеделдетуге ниетті. Сондай-ақ, Түркі мемлекеттерінің өңірлік метрологиялық ұйымы (TURKMET) құрылып, толық іске қосылуы тиіс.
Түркістан қаласында бизнеске қолдау көрсету мақсатында «Тұран» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Қазақстан бұл аймақта Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің қатысуымен жаңа бірлескен өндірістер мен технологиялық кластерлерді дамытуға дайын екенін растады.

Көлік-транзит саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылып, Орта дәліздің мәртебесін арттыру үшін биыл Қазақстан мен Әзербайжан арасында үкіметаралық келісімге қол қою жоспарлануда. Зангезур дәлізінің ашылуын ескере отырып, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ұсынған ТМҰ Цифрлық мониторинг орталығы Орта дәліздің дамуына қосымша серпін береді. Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін арнайы жұмыс тобын құру ұсынылды.
Олжас Бектенов экологиялық шешімдер мен трансшекаралық энергетикалық инфрақұрылымды нығайту қажеттігін атап өтті. Қазақстан Үкіметі Мемлекет басшысының тапсырмасымен энергия тиімділігі бойынша озық тәжірибелер кеңесін құру және Орталық Азияда су ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі бірлескен бағдарламаны әзірлеу жұмыстарын аяқтап жатыр.

Сонымен қатар Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхиты аймағына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (АзТМЭӘК) аясында Цифрлық шешімдер орталығын құру бастамасын көтеруде.
Кездесу қорытындысында қатысушылар Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Құжатта Әзербайжанның Түркі мемлекеттері ұйымы төрағалығы аясындағы жұмысына және басым бағыттар бойынша практикалық ынтымақтастықты дамытуға қолдау көрсетті.
Бұған дейін Қазақстан мен Украина арасындағы тауар айналымы 5,4% өскенін жазған едік.