Түркі академиясы - түркі әлемінің ғылыми зерттеу орталығына айналуы тиіс - Мұстафа Исен
Жиында Түркі кеңесінің Бас хатшысы Халил Ақынжы өткен отырыстарда айтылған ұсыныс-пікірлердің жүзеге асу барысын баяндады. Диаспоралар арасындағы байланыстарды жандандырып, бір ізділікке түсіру жайына тоқталды.
Келесіде сөз алған Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі академияның атқарып жатқан жұмыстары жайлы толымды ақпарат берді. Ақсақалдар Түркі академиясының істерін оң бағалап, бірегей ғылыми орталықтың халықаралық мәртебе алуы үшін мүше елдердің заң шығарушы орғандарына келісімді ратификациялауды жеделдеткізу қажет деген тоқтамға келді. Түркия Республикасы Президенті Әкімшілігінің Бас хатшысы Мұстафа Исен мырзаның айтуынша, «Түркі академиясы түркі әлеміндегі ғылыми зерттеу бағытындағы бүкіл жұмыстарды бір арнаға тоғыстырып, үйлестіретін орталыққа айналуы тиіс».
Қазақстанның ақсақалы академик Әділ Ахметов елдерді жақындастыруда туризмнің рөлі ерекше екеніне тоқталды. Сосын экономиканың өзге де салаларын дамыту туралы өз ұсыныстарын білдірді.
Бұдан кейін маусым айында Түркияда өтетін Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің IV саммитіне дайындық жайы пысықталды. Ақсақалдар бас тақырып пен талқыланатын өзге де мәселелер жайлы сонымен қатар Түркі кеңесінің жұмыстарын жандандыру бойынша өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Жиын соңында алқалы кеңесті жоғары деңгейде өткізген Қазақстан ақсақалы Әділ Ахметовке қатысушылар өз ризашылықтарын білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, ақсақалдар кеңесінің ең алғашқы отырысы 2011 жылы Астанада өткен еді. Одан кейінгі жиындар Баку, Бішкек, Ыстамбұл мен Измир қалаларында өтті.