ТүркіПА елдеріміздің заңнамалық базасын жақындатуға, өзара сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарымыздың қарқынын арттыруға негіз болады -О. Мұхамеджанов
Енді міне, жаңа ғасырда, үшінші мыңжылдықта түркітілдес халықтардың өкілдері қайта табысып отыр. Осы күндері Әзірбайжан астанасы - Баку қаласында Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының І-ші жалпы отырысы өтіп жатыр. Оған Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған қазақстандық парламентшілер де қатысуда.
Тарих деректеріне көз жүгіртсек, Баку қаласында үлкен басқосулар өткен. 1920 жылы қыркүйектің 1-і мен 8-і күндерi Әзiрбайжан астанасы Бакуде Шығыс халықтарының бiрiншi съезi өттi. Съезге көптеген шетелдіктер де шақырылған. Бұл тарихи жиынның жоғары деңгейде өтуiне Мәскеуде Сыртқы iстер комиссариатының Күншығыс бөлiмiн басқаратын, әзiрбайжан халқының ардақты ұлы Нариман Наджапұлы Нариманов көп еңбек сiңiрген екен. Сол съезге қазақтың ардақты ұлы Тұрар Рысқұлов Түркiстан, Бұхара, Хорезм республикаларының делегаттарын бастап барған. Съезге 37 ұлттың 1275 делегаты келген.
Ал 1926 жылы Бакуде түркітанушылардың Бүкілодақтық 1-съезі өтіп, оған Қазақстаннан тіл ғылымының кемеңгері, алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы қатысып, биік мінберден бауырлас елдердің ертеңі үшін аса маңызды келелі мәлелерді қозғаған.
Жаңа ғасырда Парламенттік Ассамблея құру идеясын 2006 жылы өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының VIII саммитінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғаш ұсынған болатын. Бұл ұсынысты барлық түркі тілді халықтар қуана қолдады. Әсіресе, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия Парламенттері ұйымдастыру істерінде белсенділік танытты. Осы бастаманы іске асыру үшін көптеген жұмыстар атқарылды. Бірнеше басқосулар өтті. Соның бірі - Бакуде болып жатқан ТүркіПА-ның алғашқы отырысы.
Бүгін Баку қаласында өтіп жатқан Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының І-ші жалпы отырысының ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов құттықтау сөз сөйледі.
ҚазАқпарат Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың осы алқалы жиында сөйлеген сөзін толық түрінде ұсынады.
Құрметті Төраға!
Қадірлі әріптестер!
Ханымдар мен мырзалар!
Тарихы мен тамыры, тілі мен діні ортақ Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының бірінші жалпы отырысын Баку шаһарында өткізіп отырған Әзірбайжан Республикасының басшылығына, Милли Меджилиске және оның Төрағасы Оғтай Сабыроғлы Асадов мырзаға қазақ елі парламентарийлерінің атынан және өз атымнан ізгі ілтипатпен зор ризашылығымды білдіргім келеді.
Сөзімді туысқан әзірбайжан халқының ұлы ақыны Низамидің "Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді" деген сөзінен бастағым келіп отыр. Өйткені тілегі мен жүрегі үндес, жақын жандардың әрдайым бірін-бірі түсінетіні, қолдайтыны сөзсіз. Бүгінгі басқосуымыз сол жүректен шыққан сөздің жүректерге жеткенінің бір көрінісі дер едім.
Әріптестерімді көптен бергі ортақ идеямыздың іс жүзіне асып отырған бүгінгі бауырлас түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының бірінші жалпы отырысының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын.
Еліміз тәуелсіздігін алғалы бері қайта жанданған қатынастарымыз Түркі мемлекеттері басшыларының саммиті, ТҮРКСОЙ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ислам Конференциясы Ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы аясындағы өзара ықпалдастық арқылы жаңа белеске көтерілуде.
Жақында Нахичеванда өтетін Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 9-шы саммиті жалпытүркі ынтымақтастығын тағы бір жоғары сатыға көтерер маңызды кезең болады деп санаймыз.
Тарих беттеріне үңілсек, рухани сабақтастық біздің халықтарымыздың сан ғасырлық байланыстарының берік тұғыры болғанын байқаймыз. Түркі мәдениетінің аса көрнекті жетістіктері болып саналатын көне түркі жазба ескерткіштері, адамзат өркениетінің қорына өшпес мұра қосқан ғұлама ойшылдарымыз бен данышпандарымыздың туындылары, ұрыс далаларында даңқты жеңістерге жетелеген ержүрек қолбасшы, батырларымыздың асқан ерліктері, бүкіл түркі жұртына әйгілі ұлы кемеңгерлеріміздің ғажайып мұрасы - сол тарихи сабақтастықтың жарқын куәсі іспеттес.
Ал осыдан 90 жылдай бұрын, 1926 жылы Бакуде түркітанушылардың Бүкілодақтық 1-ші съезі өтті. Оған Қазақстаннан ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы қатысқаны тарихтан белгілі. Ол сол басқосуда «Түркі тілдеріндегі терминология туралы» деген тақырыпта баяндама жасады. А.Байтұрсынұлы - түркі тілдес халықтардың бір ортаға тоғысуы туралы мәселе көтерген ұлтымыздың ардақтысы.
Ғасырдан ғасырға ұласып жатқан мәдени-гуманитарлық байланыстар қазіргі таңда ТҮРКСОЙ ұйымы аясында жалғасын тапқаны қуантарлық жайт. Тарихи дәстүрлеріміздің негізін нығайтып, заманауи үрдістерді дамытуға осы ұйым өзіндік үлесін қосуда. Қыркүйек айында Бішкек, Алматы және Анкара қалаларында ұйымдастырылған Әзірбайжанның ұлы композиторы У.Гаджибековтың «Көроғлы» операсының түрік тіліндегі алғашқы қойылымы рухани ықпалдастығымыздың тамаша бір үлгісін танытты. Түркітілдес мемлекеттерден келген 300-ге жуық өнерпаздың орындауындағы бұл жоба рухани сабақтастығымызды тағы да бір паш етті деуге болады.
Қазақстанда Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында халқымыздың бай тарихын, ауыз әдебиетін және салт-дәстүрлерінің өнегесін жариялау мақсатында көптеген игі істер атқарылуда. Осы орайда Президент Н.Назарбаевтың «Түркітілдес халықтардың мәдени мұрасы» халықаралық бағдарламасын жасау жөніндегі идеясы зор маңызға ие деп ойлаймын.
Адамзат тарихында түркі өркениетінің жетістіктері маңызды орын алғандығы баршаған аян. Ұлан-байтақ Еуразия кеңістігінің 4 миллион шаршы километрден астам аумағын мекендейтін 200 миллионға жуық халқы бар түркі әлемінің қазіргі заманғы әлемдік аренада да стратегиялық салмағының сақталуы заңды құбылыс деп санаймын. Осы өңірдің бай табиғи ресурстарын сарапшылар 500 триллион АҚШ долларынан астам деп бағалайды. Түркі елдерінің Азия мен Еуропа арасында жолаушылар мен жүкті жылдам тасымалдаудың жолдарын жүзеге асырудағы транзиттік-көліктік әлеуеті де орасан зор. Сондықтан біздің елдеріміз арасында экономикалық байланыстарды дамыту, өзара инвестициялар тарту, сауда айналымын ұлғайту ісі өте маңызға ие. Қазақстанның 2009 жылдың 1-жарты жылдығында түркітілдес елдермен сауда айналымы 1539,5 млн. АҚШ долларын құраған. Осы елдерден Қазақстанға 1993-2008 жылдары 1,6 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестициялар тартылған. Қазақстаннан да түркі елдеріне 2004-2008 жылдары 880 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылған. Бұл көрсеткіштер елдеріміздің мүмкіндіктері толық қолданылмай отырғандығын көрсетеді.
Қазақстан мен Әзірбайжан қарым-қатынастары сындарлы сұхбат арнасында қарқынды даму үстінде. Екі елдің түрлі халықаралық ұйымдары шеңберінде дәстүрлі ынтымағы жарасып отыр. Қазақстан Әзірбайжанмен әртүрлі саладағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өрісін кеңейтуге мүдделі. Каспий мәселесі бойынша келіссөздер барысы да оңтайлы үрдіске бет бұруда.
Қазақстан қазіргі уақытта шамамен 85 мыңнан астам әзірбайжан ұлты өкілдерінің екінші отанына айналды. Олардың арасында елімізге аянбай қызмет жасап, еңбегі еленген, халық арасында сый-құрметке бөленген тұлғалар да аз емес. Еліміздің бірқатар облыстарында «Гобустан», «Азери», «Ватан», «Гейдар», «Достлук» сияқты әзірбайжан этномәдени бірлестіктері жұмыс жасайды. Тұтастай алғанда, әзірбайжан мәдени орталықтары Қазақстандағы ұлтаралық қатынастарды жетілдіру ісіне айтулы үлес қосып, елдің қоғамдық және мәдени өміріне белсенді араласуына септігін тигізуде.
Алдымен озық экономикалық реформаларды, содан кейін конституциялық сипаттағы саяси өзгерістерді де батыл жүзеге асырған Қазақстан бүгінгі күні тұрақты экономикалық даму үстінде, елде әлеуметтік үйлесімдік сақталуда. Біз бүгін республикамыздың президенттік басқару жүйесінен президенттік-парламенттік модельге ауыстыру жолын қарастырудамыз. Елімізде алдын-ала қабылданған дағдарысты еңсеру бағдарламаларына сәйкес экономиканы тұрақтандыру шаралары өз жемісін беруде. Бүгінгі таңда Үкімет пен Парламент елдің дағдарыстан кейінгі даму кезеңіне жан-жақты дайындалу жолында заңнаманы кешенді түрде жаңарту, ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету, бәсекеге қабілетті адам капиталын қалыптастыру, халықты әлеуметтік қамсыздандыру, ұлтаралық келісімді, тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бірлесіп жұмыс істеуде.
Қазақстан әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты орнықтыру ісіне өзіндік үлесін қосуда. Тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап-ақ еліміз ядролық қарусыздандыру бағытын таңдап, әлемдік қауымдастық алдында өңірлік қауіпсіздіктің жаршысына айналды. Адамзат тарихында бірінші болып, ерікті түрде Семей ядролық сынақ полигонын жауып, дүние жүзіндегі төртінші орында болған ракета-ядролық қару-жарақ әлеуетінен бас тартты. Бұл - еліміздің бейбітшілік пен қауіпсіздікке деген берік ұстанымының айғағы.
Бүгінгі таңда халықаралық қауымдастық 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдеріне мекен болған Қазақстанды ұлтаралық және конфессияаралық үйлесімнің нағыз үлгісі ретінде таниды. Елімізде Қазақстан халқының Ассамблеясы атты қоғамдық келісім мен татулықтың ерекше институты табысты жұмыс істеуде.
Тұрақты сипат алған Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының Астанада үш рет басқосуы - еліміздің өркениетаралық диалогты да ілгерілетудегі ұмтылысын білдіреді.
Келесі жылы бұрынғы кеңестік мемлекеттердің және Азия елдерінің арасында Қазақстан бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалықетпекші. Қазақстанның халықаралық беделінің өсуі, демократиялық дамудың сапалық жаңа деңгейіне жетуі тұрғысынан бұл міндеттің бізге үлкен жауапкершілік жүктейтіні анық. Осы орайда «Еуропаға жол»атты мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Басты мақсат - Еуропаның алдыңғы қатарлы елдерімен стратегиялық әріптестік деңгейіне шығу. Экономиканың бәсекелестік қабілетін арттыру, елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, еуропалық құқықтық нормаларға сай ел заңнамасын жетілдіру секілді негізгі міндеттер бойынша жұмыстар атқарылуда.
Қазақстанның2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалықетуі еліміздің ислам әлеміндегі мәртебесін нығайта түсуіне септігін тигізеді. Көптарапты ынтымақтастықты нығайтуды мұрат тұтқан еліміздің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) шақыру жөніндегі бастамасы да үлкен маңызға ие. Форум құрылған кезінен бері ол Азия өңіріндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде ашық пікір алмасу орталығына айналды. Осы орайда Түрік Республикасының алдағы 2010-2011 жылдары аталған ұйымға төрағалық етуі геосаяси мақсаттарымызды жүзеге асыруға септігін тигізеді деп сенеміз.
Құрметті Төраға!
Құрметті әріптестер!
Бүгінгі парламенттік делегациялардың басқосуы - бұл да тарихи сабақтастықтың заңды жалғасы болып табылады. Сіздерді осынау тарихи мәні зор оқиғаға куә болып отырғанымызбен тағы да құттықтаймын!
Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы бірінші кезекте елдеріміздің заңнамалық базасын жақындатуға, унификациялауға ұмтылу арқылы, өзара сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарымыздың қарқынын арттыруға негіз болады. Сонымен бірге біздің Ассамблея парламентаралық қатынастар тетігін қалыптастыру, саяси көзқарастарды бір-біріне жақындата түсу, ақпарат алмасу, мәдениетті насихаттау, экономикалық байланыстарды нығайту, басқа да өзекті мәселелер төңірегінде пікір алысу орталығы болатыны сөзсіз.
Ассамблеямыз тарихы бай, парламентаралық қатынастарда тәжірибесі мол Еуропарламент, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Парламенттік Ассамблеясы, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы, Ислам конференциясы ұйымының Парламенттік Одағы сияқты халықаралық беделді институттардың қатарынан орын алатынына сенеміз.
Осы басқосуымыздың нәтижесінде Ұйымымыздың негізін қалайтын басты құжаттарды ойдағыдай қабылдап, ортақ мақсатқа жетудегі ұмтылыстарымызды қуаттай түсетінімізге кәміл сенемін. Қазақта «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген нақыл сөз бар. Біздің ынтымағымыз - ұлы достыққа, бейбітшілікке, экономикалық даму мен тұрақтылыққа бастайтын сара жол деп білемін. Әрқайсымыз осы тарихи жеңісіміздің баянды болуына адал қызмет ететінімізге кәміл сенемін!
Ортақ ісіміз жолындағы жұмыстарыңыз жемісті болсын!