Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы Заң жобасы дайындалып жатыр

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы дайындалып жатыр. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласы тұрғындарымен кездесу жиынында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды биылға жоспарланған халықпен кездесуін облыс орталығынан бастады. Ел алдында есеп беру жиынында аймақ басшысы алдымен өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, халықпен кездесулердің нәтижесімен бөлісті. Сондай-ақ өткен жылдан бері өңірде жүзеге асып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, алдағы жоспарларын айтты.


«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан өңіріне жасаған жұмыс сапарында Түркістан қаласына ерекше мәртебе беруді тапсырған еді. Бұл бағытта тиісті жұмыстар басталып кетті. Бүгінде «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы дайындалып жатыр. Осы заң қабылданған соң, қала әкімдігі мен мәслихатына қосымша құзыреттер берілетін болады. Бұл тұрғындардың күрделі мәселелерін тез арада шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы, сауда және қызмет көрсету сұрақтары қала деңгейінде дербес шешілетін болады», – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

«Ақжайық» музыкалық мектебінде өткен әкімнің халыққа есеп беру кездесуіне 500-ден астам түркістандық келді. Оның 100-ге жуығы – жастар. Сұрақ-жауап форматында ұйымдастырылған жиында аймақ басшысы Түркістанның еліміздің рухани және тарихи орталығына айналу жолында жүзеге асатын маңызды шараларға тоқталып, дамудың түрлі салалары бойынша көрсеткіштерді мәлім етті.



Соңғы жаңалықтар