Түркістан облысында бастауыш сынып оқушыларына мектепте оқуға рұқсат етілді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында жалпы білім беретін мектептердің 1-5 сынып оқушыларына кезекші сыныптарда оқуға рұқсат етілді. Тиісті қаулыға өңірдің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Нұрбек Нышанов қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында бастауыш сынып оқушыларына мектепте оқуға рұқсат етілді

Ата-аналардың өтінішімен дәстүрлі форматта оқитын сыныптағы оқушылар саны 15-тен аспауы талап етіледі. Сондай-ақ, әр партаға бір баладан шахмат режимінде отырғызылып, сабақ уақыты 40 минуттан аспауы тиіс. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің талабына сәйкес, дәстүрлі форматта сабақ оқытылатын кезекші сыныптарда және шағын жинақталған мектептерде санитариялық-гигиеналық талаптары қатаң сақталуы қажет. Оқу кабинеттерінде антисептігімен санитайзерлер орнатылуы қатаң қадағаланған. Оқушылар мен мұғалімдердің дене қызуы күн сайын өлшеніп, арнайы журналға тіркеледі. Бетперде әр 2 сағат сайын ауыстырып, қолданылған лас маскаларды арнайы белгі қойылған қораптарға тастау талап етіледі.