13:24, 19 Сәуір 2022 | GMT +5
Түркістан облысындағы Алмалы ауылында 5 жылдан бері ішімдік сатылмайды
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Жетісай ауданы, Мақталы ауылдық округіне қарасты Алмалы ауылында ішімдік сатылмайды. Сондай-ақ, соңғы 5 жылда мұнда бірде-бір қылмыс тіркелмеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысындағы Жетісай ауданы Мақталы ауылдық округіне қарасты Алмалы ауылында 150-ден астам шаңырақ бар. Шамамен мыңнан астам халық тұрады. Мұнда алкогольді ішімдік сатылмайды. Сонымен қатар, шекаралық аймақта орналасқан бұл ауылдағы барлық мәселелер ақсақалдар кеңесі арқылы өз шешімін тауып келеді.
«Ауыл тұрғындарының барлығы мал ұстайды. Сол кездегі ауыл билері бас болып, ішімдіксіз ауыл болу бастамасын қолға алған болатын. Сол жылдан бастап осы уақытқа дейін ауылда бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ», – дейді ауыл әкімі Мейрамбек Қыдырқожаұлы.
Ауылда үш дүкен бар, бірақ олардың ешқайсысында алкоголь сатпайды.
Ауыл азаматтарының айтуынша, отбасылық кикілжіңдер де азайып, соңғы 2 жылда ажырасу мүлдем тіркелмеген.