Түркістанда құрылысқа қажетті жерлерді қайтару заң негізінде жүргізілуде

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында құрылыс нысандарына қажетті жерлерді қайтару жұмыстары заң негізінде жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Әліпбек Өсербаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Түркістан қаласының бас жоспарына сәйкес, қала құрылысы мен сәулеті үш бағытта жүргізіледі. «Тарихи аймақ» - 88,7 гектар, «Рухани-мәдени орталық» аймағы - 98 гектар, «Әкімшілік-іскерлік орталық» аймағы - 700 гектарды құрайды. Осыған орай, құрылыс нысандарына қажетті жерлерді қайтару жұмыстары заң негізінде жүргізілуде», - деді қала әкімі Әліпбек Өсербаев.

Оның айтуынша, қазіргі таңда 98 гектар жерді құрайтын екінші аймақ аталатын «Рухани-мәдени орталықта» қажетті жерді дайындау мақсатында мемлекет қажеттілігіне 167 нысанды (13 кәсіпкерлік, 154 тұрғын үй) қайтару жұмыстары жүргізілуде.

«Аталған 167 нысанға акт толтырылып суретке түсірілген. Бүгінгі таңға 161 нысанның бағалау жұмыстары толық аяқталды. Қазір алтауына бағалау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, бұл жұмыстарды мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес, конкурстың нәтижесінде нысандарды бағалау жұмыстарын «Экспо Оценка» ЖШС жүргізді. Бағалау жұмыстары біткен 161 нысанның бүгінгі таңда 91 меншік иесінің келісім берді. Бүгінде тұрғын үй нысандарын босатып, бұзу жұмыстары басталып кетті. 13 нысан бұзылды. Ал келісімге келмеген 40 нысанның құжаты заңға сәйкес сотқа жолданды. Отызға жуық азаматпен келісім жұмыстары жүргізілуде», - деді Әліпбек Өсербаев.

Сондай-ақ, «Әкімшілік-іскерлік орталыққа» түсетін 672 гектарды құрайтын жер аумағының бүгінгі таңға заң талаптарына сәйкес, 470 гектары қайтарылды.

Айта кетерлігі, нысан иелері берілген бағамен келіспесе, өз тараптарынан кез келген лицензиялы мекемеге бағалау жасата алады. Нәтижесінде екі тараптың бағалау нәтиежелері сотқа жолданып, заң талаптарына сәйкес шешіледі. Сонымен қатар, келіспеген тұрғындармен арнайы өтініштері бойынша жұмыс жасау үшін 2018 жылғы 14-желтоқсандағы №780 қала әкімінің өкімімен 29 адамнан құралған комиссия жұмыс жасауда. Ол комиссияның құрамында мемлекеттік қызметкерлер және жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары мен мүшелері, депутаттар бар.

Заңға сәйкес мемлекеттің мұқтажы үшін жер қайтару жұмыстарына және бағалау жұмыстарына келіспеген тұрғындармен бірнеше рет түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Соңғы жаңалықтар