Түркітілдес елдердің сәулет өнері және қала құрылысы бойынша ІІІ-ші халықаралық құрылтайы жұмысын аяқтады
![None None](/static/img/plug.webp)
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Іс-шараның салтанатты жабылуы рәсімінде, Түркияның Инженерлер және сәулетшілер одағының төрағасы Ілияс Демирджи KAZGOR жобалау академиясының президенті Әбдісағит Татығұловты «Түркі инженерлік ойының дамуына үлес қосқаны үшін» наградасымен марапаттады. Сонымен қатар шара барасында Астананың бас сәулетшісі Сәрсембек Жүнісовке «Түркі сәулетінің дамуына үлес қосқаны үшін» наградасы, сондай-ақ ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновке «Түркі мәдинетін дамытуға үлес қосқаны үшін» наградасы табысталды.
Айта кетейік, салтанатты жиында құрылтайдың декларациясы қабылданды. Онда төртінші құрылтайға дейін «Түркі әлемінің жалпы құрылыс терминдерінің сөздігін» басып шығару; Түркі әлемі мәдени мұрасының ортақ нысандарын анықтап, фотоальбомдар мен кітаптар шығару; Ірі университеттердің сәулет және инженерлік факультеттерімен байланыс орнатып, бұл бағытта Қазақстанда негізделген Түркі әлемі академисымен бірлесіп жұмыс істеу; Түркітілдес елдердің сәулет өнері және қала құрылысы бойынша төртінші халықаралық құрылтайды Ыстамбұлда өткізу мәселелері қамтылған.
Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған құрылтайға әлемнің 30 елінен қатысушылар келді. Оның ішінде түркі мәдениеті мен өнерін дамыту ұйымына мүше Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркия, Түрікменстан, Гагауз Автономиялық Республикасы, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы, Ресей, сондай-ақ қонақ ретінде Ауғанстан, Босния, Үндістан, Ирак, Иран, Украина және басқа да мемлекеттер қатысты.
Түркі тілдес елдер сәулет өнері және қала құрылысы бойынша ІІІ-ші құрылтайды Астанада өткізу туралы шешім 2008 жылы Анкарада халықаралық түркі мәдениеті мен өнерін дамыту ұйымы, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия Сәулетшілер мен қала құрылысшыларының шығармашылық одағы қабылдаған болатын.