Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы беделді халықаралық ұйымға айналып келеді
АСТАНА. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ -Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясы беделді халықаралық ұйымға айналып келеді. 2006 жылы қарашаның 17-сінде Анталья қаласында түркі тілді мемлекеттер басшыларының 7-ші Саммиті өтті, оған Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан және Қырғыз елдерінің Прездиденттері қатысты.
Сол Саммитте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясын және Ақсақалдар Кеңесін құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Антальяда өткен Саммит шеңберінде түркі тілді мемлекеттер арасында экономикалық және көліктік байланыстарды нығайтудың қажеттілігі туралы Анталья Декларациясына қол қойылды. Онда лаңкестікке, жаппай қырып-жоятын қарулардың таралуына, есірткі мен қарау-жарақтың контрабандасына, адам саудасына және басқа да ұйымдасқан қылмыс түрлеріне қарсы күресте бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығы ерекше атап көрсетілген.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясын құру туралы бастамасын жүзеге асыру мақсатында 2008 жылы ақпанның 21-22-сінде Анталья қаласында түркі тілдес мемлекеттер Парламенттері Төрағаларының орынбасарлары бас қосты. Бұл шараға Қазақстан делегациясын ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев бастап барды. Кездесулер барысында Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясы (ТүркіПА) туралы Келісімнің жобасы әзірленді және мүдделестікті білдірген Хаттама қабылданды.
2008 жылы наурыздың 27-сінде Астана қаласында түркі тілдес мемлекеттер Парламенттері аппараттары басшыларының жиыны өтті, оның қорытындысы бойынша Хаттамаға қол қойылды және ТүркіПА Келісімі жобасы бекітілді.
Ал 2008 жылы қарашаның 21-22-сінде Ыстамбұл қаласында Түркітілдес мемлекеттер Парламенттері жетекшілерінің бірінші конференциясы өтті. Бұл басқосуға қазақстандық делегацияны ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары М. Көпеев бастап барды. Осы жиынның соңында Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясын (ТүркіПА) құру туралы келісімге қол қойылды.
2009 жылы маусымның 4-5-і күндері Баку қаласында Парламенттер аппараттары басшылары бас қосты, онда Ассамблея Регламентінің жобасы әзірленді. Тараптардың келісімі бойынша аталған Ассамблея Регламентінің жобасы осы күндері ТүркіПА-ның екінші конференциясында Парламенттер жетекшілерінің бекітуіне ұсынылмақ.
Түркі ПА-ның жалпы отырысына ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған қазақстандық делегация қатысуда. Делегация құрамына Сенаттан үш және Мәжілістен үш депутат енген.
Осы басқосуда ТүркіПа-ның Регламенті мен Жарғысын бекіту, ТүркіПА Хатшылығының орналасатын жері туралы шешім қабылдау мәселелері қаралады. Алдын ала жасалған келісім бойынша ТүркіПА-ның Хатшылығы Баку қаласында болатыны жоспарлануда.
Сонымен қатар қыркүйектің 26-27-сінде сарапшылардың кездесуі өтіп, онда қорытынды құжаттың жобасын дайындау мен келісу жөніндегі мәселелер қаралды.