Түркия алғашқы ұлттық сүңгуір қайығын жасанды интеллектпен жабдықтайды

АСТАНА.KAZINFORM — Түркия өз өндірісіндегі алғашқы сүңгуір қайығын жасанды интеллект технологияларына негізделген жауынгерлік басқару жүйесімен жабдықтауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі хабарлады.

Түркия алғашқы ұлттық сүңгуір қайығын жасанды интеллектпен жабдықтайды
Фото: hurriyet.com.tr

Түркияның MILDEN ұлттық сүңгуір қайық жобасы аясында жасалып жатқан алғашқы суасты кемесіне заманауи басқару жүйелері орнатылады. Жаңа технология сүңгуір қайықтағы сенсорлар мен қару-жарақтан келетін ақпаратты бір жүйеге біріктіріп, тапсырманы орындау барысында қоршаған орта жағдайы мен барлау мәліметтерін де ескеруге мүмкіндік береді.

Қазір әзірлеушілер сүңгуір қайықтың қозғалысын басқару жүйесі бойынша жұмыс бастап, экипаж мүшелерін даярлауға арналған арнайы тренажер жаса жатыр.

Жауынгерлік басқару жүйесі Түркияда өндірілетін отандық қару-жарақпен, соның ішінде торпедалар мен суасты қанатты зымырандармен біріктіріледі. Сонымен қатар сүңгуір қайықтың әртүрлі жүйелері арасында ақпарат алмасуды және оларды қашықтан басқаруды қамтамасыз ететін бірыңғай ақпараттық жүйе құру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Түркияда су бетінде де, су астында да жұмыс істей алатын гибридті ұшқышсыз суасты аппаратының әзірлемесі аяқталуға жақын. Тағы бір жоба спутниктік навигациясыз жұмыс істейтін сенсорлар арқылы су астындағы нысандардың орналасуын анықтауға, үш өлшемді карталар жасауға және суасты құрылыстарын зерттеуге бағытталған.

Әзірлеушілердің айтуынша, бұл технологиялар болашақта Түркияның суасты операциялары саласындағы мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуге жол ашады. Атап айтқанда, олар барлау жүргізу, теңіз миналарына қарсы операциялар ұйымдастыру және теңіз түбін бақылау сияқты міндеттерде қолданылуы мүмкін.

Бұған дейін Түркия 2026–2030 жылдарға арналған жасанды интеллект саласындағы жаңа іс-қимыл жоспарын бекіткені хабарланған болатын.