Түркия 2026–2030 жылдарға арналған жасанды интеллектіні дамыту жоспарын бекітті

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия жасанды интеллект саласын 2026–2030 жылдары дамытуға арналған жаңа іс-қимыл жоспарын бекітті. Құжат технологияларды, инфрақұрылымды және кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі. 

Түркия 2026–2030 жылдарға арналған жасанды интеллектіні дамыту жоспарын бекітті
Фото: www.hurriyetdailynews.com

Жоспар Түркияның Өнеркәсіп және технологиялар министрлігінің үйлестіруімен әзірленді. Оны дайындау барысында жасанды интеллектінің әлемдік экономикаға, өнеркәсіпке, мемлекеттік қызметтерге және қоғамға әкеліп отырған жылдам өзгерістері ескерілген.

Жаңа жол картасы Түркияның технологиялық бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елдің цифрлық егемендігін нығайтуға және жасанды интеллект саласындағы ұлттық мүмкіндіктерді дамытуға серпін беруге тиіс.

Құжатта жасанды интеллект саласындағы сауаттылықты арттыру, білікті мамандар даярлау, деректер инфрақұрылымы мен есептеу қуаттарын кеңейту, сондай-ақ технологияларды мемлекеттік және жеке секторларда кеңінен енгізу көзделген.

Бәсекеге қабілетті әрі сенімді ұлттық жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыруға ерекше назар аударылған. Жоспардың негізіне адамға бағдарланған даму, сенім, этика және тұрақтылық қағидаттары алынған.

Түркияның Өнеркәсіп және технологиялар министрі Мехмет Фатих Каджыр алдағы екі жылда билік 5 миллион азаматқа жасанды интеллект негіздерін үйретуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Білім беру бағдарламаларында технологияны пайдаланудың мүмкіндіктерімен қатар, оған байланысты тәуекелдер де қамтылады.

Сонымен қатар Түркиялық жасанды интеллект әзірлеушілері үшін мемлекеттік органдардың шамамен 2 мың деректер жинағын қолжетімді ету жоспарланып отыр. Министрдің айтуынша, бұл жасанды интеллектіні білім беру, денсаулық сақтау, энергетика, көлік және қаржы сияқты салаларда қолдануға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Жаңа жоспар ұлттық жасанды интеллект технологияларын одан әрі дамытуға және оларды 2030 жылға дейін Түркия экономикасы мен мемлекеттік басқару жүйесіне интеграциялауға негіз болмақ.

Бұған дейін Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған барлық жастағы азаматтардың жасанды интеллект технологияларын жақсы түсініп, оларды қауіпсіз пайдалануына мүмкіндік беретін ұлттық жасанды интеллект сауаттылығын арттыру бағдарламасы іске қосылатынын мәлімдеген болатын.