Түркия балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Әлемде цифрлық технология мен әлеуметтік желілердің ықпалы күннен-күні артып жатқандықтан, көптеген ел үкіміеті балалар мен жасөспірімдер үшін интернетке бақылауды күшейте түсті. Осындай елдердің бірі – Түркия. Елде 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануды тыйым салуды жоспарлап отыр. Бұған мемлекет дайын ба? Толығырақ тілші материалынан оқыңыз.

Турция готовит запрет соцсетей для детей: что известно о законопроекте
Коллаж: Kazinform / Freepik

Түркия не ұсынбақ?

Түркия өнеркәсіп және технология министрлігінің мәлімдеуі бойынша:

- 13 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерге толық тыйым салу;

- 13-тен 16-ға дейінгі жасөспірімдерге тек ата-аналарының келісімі мен бақылау құралдары қосылған жағдайда шектеулі пайдалануға рұқсат беру;

- әлеуметтік желілерде аккаунт ашқанда жасын дәлелдеу жүйесін енгізу;

- цифрлы платформаларда жаңа талаптарды, соның ішінде контентті сүзгіден өткізу мен техникалық шектеулерді орындауға міндеттеледі.

Түркияның өнеркәсіп және технология министрі Мехмет Фатих Каджырдың айтуынша, заң жобасының басты мақсаты – балалардың психикалық денсаулығын қорғау және киберқауіптерден сақтандыру.

Бұл заң жобасы 2026 жылы енгізілмек.

Тыйым салу себептері

Сарапшылардың пікірінше, жасөспірімдер лайктар мен жазылушыларға тәуелді болып барады. Өзгелермен үнемі салыстыру оларда уайым, депрессия тудырып, өзін-өзі бағалауға теріс әсер етеді. Цифрлық тәуелділік оқу үлгеріміне де кері әсер етіп, экран алдында көп уақыт өткізу концентрацияны төмендетеді, ұйқы мен жетістіктерді нашарлатады, ал онлайн-араласу өмірдегі шынайы қарым-қатынасты алмастырып барады.

лайки и социальные сети
Фото: slushna.by

Түркия билігі 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерге шектеу қою осы жағымсыз үрдісті тоқтатуға көмектеседі деп есептейді. Билік бұл қадам жасөспірімдердің психикасын қорғап, кибербуллинг пен жасанды талаптарды азайтып, жастарды спортқа, шығармашылыққа, оқуға және шынайы қарым-қатынасқа бағыттайды деп сенеді.

Алайда осы заңның нәтижесі бақылаудың қаншалықты қатаң болатынына байланысты. Жасөспірімдер VPN, фейк аккаунттар немесе ата-аналарының құрылғылары арқылы шектеулерді оңай айналып өтуі мүмкін. Сондықтан балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шын мәнінде шектей алатын сенімді верификация жүйесі қажет.

Ең басты мәселе – жас мөлшері растау

Әлеуметтік желілер тыйымы тиімді болуы үшін үкімет ірі технологиялы компаниялармен жұмыс істеп, жасқа қатысты нақты жүйелер енгізуі тиіс.

Қазір бірнеше әдіс қарастырылып жатыр:

– жасын сыртқы келбет арқылы анықтайтын жасанды интеллектіні қолдану – этикалық сұрақтарды тудырады;

– жеке куәлік немесе басқа құжаттарды жүктеу – киберқауіпсіздікке қауіп төндіреді;

– ата-ананың көмегімен, мысалы банк картасы немесе мемлекеттік ID арқылы растау.

Бұл тәсілдердің кез келгені деректердің тарап кету қаупімен байланысты. Мемлекеттік және жеке сәйкестендіру мәліметтерін халықаралық компаниялардың бұлтты сервистерінде сақтау қолжетімділік қаупін арттырып, пайдаланушылардың құпиялылығына қауіп төндіруі мүмкін.

Халықаралық тәжірибе қандай?

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, Түркиядағыдай толық тыйым салу – ең қатаң әрі икемсіз тәсіл. Ал ата-ана тарапынан бақылау, цифрлық сауаттылық пен білім беру бағдарламалары қатар қолданылатын модельдер әлдеқайда теңгерімді көрінеді. Мұндай тәсілдер әлеуметтік желілердің қоғамдағы рөлін де ескереді.

Психологтар мен әлеуметтанушылардың ескертуінше, біржақты тыйымның пайдасынан зияны көп болуы мүмкін. Әлеуметтік желілер жасөспірімдерге араласуға, ортақ қызығушылығы бар адамдарды табуға және жеке тұлға ретінде қалыптасуға көмектеседі. Ал толық шектеу, әсіресе әлеуметтік мазасыздығы бар немесе офлайн ортада аз араласатын балаларды оқшаулануға итермелеуі ықтимал.

– Қазіргі таңда әлеуметтік желілер балаларды тек зиянды контентке ғана емес, сонымен қатар көп қауіптерге – жеке деректердің жоғалуына, манипулятивті алгоритмдерге, деректердің ұрлануына және кибербуллингке ұшыратады. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттің қорғаныш реакциясы заңды құбылыс, – дейді сарапшы.

Генеральный директор по кибербезопасности Labris Networks Огуз Йылмаз
Фото: Акжигит Чукубаев

Сонымен бірге ол мұндай шектеулердің өзі толыққанды цифрлық қауіпсіздік стратегиясы бола алмайтынын атап өтті.

– Егер оларды іске асыру тетіктері, бақылау жүйесі және цифрлық сауаттылықты арттыру шаралары қатар жүрмесе, олардың тиімділігі шектеулі болады. Балалардың дамуына және олардың цифрлық ортамен табиғи байланысына сай келетін теңгерімді саясат қажет, – дейді Огуз Йылмаз.

Оның айтуынша, ұзақ мерзімді шешімнің бастысы – цифрлық сауаттылық.

– Әлемнің бірде-бір елінде тек тыйымға сүйене отырып тұрақты цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыра алмаған. Шектеулер уақытша кедергі ғана қояды, ал білім беру баланың өзін-өзі қорғау қабілетін қалыптастырады. Ең дұрыс шешім – екі тәсілді теңгерімді қолдану, – деп түйіндеді ол.

Білімсіз тыйымның тиімсіздігі

Сарапшылардың негізгі уәжі – тыйымның өзі балаларды интернетте қауіпсіз жүріп-тұруға үйретпейді. Жасөспірімдерді толық оқшаулау мүмкін емес, олар бәрібір цифрлық әлемде өмір сүріп, оқып, жұмыс істейді.

Сондықтан мамандар оқшаулаудан гөрі білім мен цифрлық сауаттылыққа инвестиция салу қажет деп санайды. Оның ішінде:

– жалған ақпаратты, манипуляцияны және жалған бейнелерді ажырата білу;

– онлайн ортада құрметті қарым-қатынас орнату және кибербуллингке қарсы тұру дағдылары;

– онлайн мен офлайн өмір арасындағы тепе-теңдікті өз бетінше сақтай білу.

Түркияның бастамасы жасөспірімдерді цифрлық қауіптерден қорғауға бағытталғанымен, оның нәтижесі техникалық, құқықтық және әлеуметтік кедергілерді еңсере алуына байланысты. Сарапшылар қатаң тыйым әлеуметтік желілерді «көлеңкелі» пайдалануды арттырып, ата-аналық бақылауды әлсіретіп, әлеуметтік оқшаулануға әкелуі мүмкін екенін ескертеді.

учеба, соц сети
Фото: Pixabay

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, тыйымдар өздігінен ұзақ мерзімді нәтиже бере бермейді. Ең тиімді жол – қорғау, еркіндік және білімді ұштастыратын теңгерімді саясат.

Басқа елдерде балаларға қандай шектеулер бар?

Аустралия

Аустралия әлемде алғаш болып балаларға әлеуметтік желілерді заңмен шектеді. 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатын заң 2024 жылдың қарашасында қабылданып, 2025 жылғы 10 желтоқсанда күшіне енді. Тыйым TikTok, YouTube, Instagram, Snapchat, Facebook, Reddit және X секілді 10 платформаны қамтиды. Ал WhatsApp мессенджері, электрондық пошта, онлайн ойындар мен білім беру жобалары бұл тізімге кірмейді.

Қытай

Елде кәмелетке толмағандарға арналған ең қатаң талаптар қолданылады. Онлайн ойындарға аптасына үш сағат қана рұқсат етілген, ал әлеуметтік желілер контент сүзгісі мен уақыт шектеуі бар «жастар режимін» енгізуге міндетті. Сонымен қатар мемлекеттік цензура мен алгоритмдерді бақылау жүйесі кеңінен қолданылып келеді.

Франция

15 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуі үшін ата-ананың келісімі қажет. Сондай-ақ цифрлық тәуелділікке ықпал ететін алгоритмдерді шектеуге бағытталған заңнамалар әзірленіп жатыр.

АҚШ

Бірқатар ата-аналық бақылау күшейтіліп, кәмелетке толмағандардың деректерін жинауға тыйым салынған. Алгоритмдердің ашықтығына қатысты талаптар енгізілген. Instagram-ның жасөспірімдер психикасына әсері жөніндегі зерттеулерден кейін мемлекеттік деңгейде бұл мәселе әлі де талқыланып жатыр

Оңтүстік Корея

Онлайн ойындарға қатысты заң жойылғаннан кейін, елде жастардың цифрлық мінез-құлқын реттейтін жаңа шаралар талқылануда. Сонымен қатар цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған білім беру бағдарламалары дамып келеді.

Үндістан

Ұлттық қауіпсіздікке байланысты TikTok және бірқатар қытайлық қосымшалар бұғатталған. Контентті модерациялау мен платформаларды бақылау талаптары күшейтілді.

соц сети
Фото: Pexels

Қазақстан

Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балалардың онлайн платформаларда тіркелуіне тыйым салатын заң жобасы дайындалды. Құжатқа сәйкес, бұл жастағы балаларға видеохостингтерде, әлеуметтік желілерде және контенттік платформаларда аккаунт ашуға рұқсат етілмейді. Тек мессенджерлерге рұқстар берілген.

Өзбекстан

2021 жылы TikTok және бірқатар платформалар деректерді таратпауға қатысты талаптарын орындамағаны үшін уақытша бұғатталды. Зиянды контенттің таралуына бақылау күшейтіліп, цифрлық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған заңдар қабылданды.

Қырғызстан

Елде «Ақпаратты манипуляциялау туралы» заң бар, ол мемлекеттік органдарға әлеуметтік желілерді бұғаттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ата-ана тарапынан бақылауды күшейту және кибербуллингке қарсы бастамалар іске асырылып жатыр.

Тәжікстан

Интернет кеңістігі қатаң реттеледі, әлеуметтік желілерге қолжетімділік мезгіл-мезгіл шектеліп отырады. Ақпарат таратуға бақылау күшейтілген, ал цифрлық сауаттылық мектеп бағдарламасына енгізілген.

Түрікменстан

TikTok, Instagram және Facebook секілді әлеуметтік желілер ресми түрде қолжетімсіз. Жастар VPN қолданғанымен, платформалар толық бұғатталуы мүмкін. Елде дәстүрлі құндылықтарды сақтау мақсатында цифрлық ортаға қатаң бақылау жүргізіледі.

Қорытындылай келе, жасөспірімдерді цифрлық ортадан толықтай оқшаулауға ұмтылу – қазіргі заманда іс жүзінде мүмкін емес. Сондықтан басты назарды олардың сыни ойлау қабілетін және интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамытуға аудару маңызды. Негізгі мақсат – технологияларды сенімді әрі қауіпсіз пайдалана алатын, ересек өмірінің ажырамас бөлігіне айналатын цифрлық құралдарды саналы түрде меңгерген, сауатты пайдаланушыларды тәрбиелеу.

Бұған дейін біз 2024 жылы Түркияда балалар арасындағы интернетті пайдалану деңгейі рекордтық көрсеткішке – 91,3 пайызға жеткенін жазған едік. Бұл дерек цифрлық технологиялардың жас ұрпақ өміріндегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар