Түркияда балалардың әлеуметтік желі мен смартфон пайдалануына шектеу енгізіледі

АСТАНА.KAZINFORM - Түркия әлеуметтік желі қолданушылар жасына шектеу қойып, 13 жасқа толмаған балалардың смартфон пайдалануына тыйым салмақшы.

Ограничения на использование социальных сетей и смартфонов для детей будет введено в Турции
Фото: freepik.com

Бұл бастама түрік билігінің кәмелетке толмағандарды цифрлық технологиялардың теріс әсерінен қорғау және олардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларының бірі.

Жаңа заң бастамашыларының айтуынша, жоба АҚШ, Қытай, Франция және басқа елдерде қолданылған сәтті шектеу мысалдарын ескере отырып, халықаралық тәжірибеге негізделген. Билік балалардың физикалық және психикалық денсаулығына теріс әсер ететін киберқорқыту мен гаджеттерді шамадан тыс пайдалануды, орынсыз ақпараттардың қолжетімділігін қоса алғанда, әлеуметтік медианы ерте пайдаланумен байланысты тәуекелдерді барынша азайтуға тырысады.

Жаңа заң 13 жасқа толмаған балалардың технология пайдалануын шектеп қана қоймай, платформаларды жас талаптарын орындауға жауапты етеді деген болжам жасалды. Компаниялардан пайдаланушылардың жасын тексеру және кәмелетке толмағандардың жеке деректерін қорғауды қамтамасыз ету тетіктерін енгізу талап етіледі.

Бірқатар елдерде мұндай тәжірибе қазірдің өзінде бар. Мысалы, Францияда гаджеттерге тәуелділікті азайту және сабақта зейінді шоғырландыру деңгейін арттыру үшін 15 жасқа дейінгі балаларға мектептерде смартфон қолдануға тыйым салынған. Қытай балалардың әлеуметтік желі пайдалануына қатаң шектеу қойды. АҚШ өз кезегінде әлеуметтік платформаларды қолданушылардың жасын бақылауды күшейтетін заң жобаларын белсенді түрде талқылап жатыр.

Әлемдегі әрбір алты елдің бірі мектептерде смартфон пайдалануға заң немесе ұсыныс бойынша тыйым салған.

Сонымен қатар, Түркияда балалар арасындағы интернетті пайдалану 2024 жылы 91,3 пайызды құрап, рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл көрсеткіш өскелең ұрпақ өміріндегі цифрлық технологиялар рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл ретте ұлдар арасында интернетті қолданушылардың үлесі 92,2%, ал қыздар арасында 90,3% құрады.

ҚазАқпарат бұдан бұрын Аустралияда 16 жасқа толмаған балалар үшін әлеуметтік желілерге тыйым салуды заңдастыратынын хабарлаған болатын.

Соңғы жаңалықтар