Түркия Босфор мен Дарданелл бұғазы арқылы өтетін кемелердің транзиттік алымын көтерді
АСТАНА.KAZINFORM — 1 шілдеден бастап Түркия Босфор мен Дарданелл бұғаздары арқылы түрік порттарына кірмей өтетін халықаралық кемелер үшін транзит алымын көтерді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы тілшісі.
Түркияның көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоглу бұған дейін 1936 жылғы Монтрё конвенциясының ережелеріне сәйкес «алтын франк» деп аталатын негізде есептелген алымдар ұлттық экономиканың мүддесін көрсету үшін жыл сайын қайта қаралатынын мәлімдеген болатын.
Ол 1983 жылдан 2022 жылдың 7 қазанына дейін алым таза тоннаж (NRT) бірлігіне 0,80 доллар болғанын еске салды. 2022 жылы тарифтерді қайта қараудан кейін тариф 4,08 долларға дейін, содан кейін 2023 жылы 4,42 долларға, 2024 жылы 5,07 долларға және 2025 жылы 5,83 долларға дейін көтерілді.
2026 жылдың 1 шілдесінен бастап тариф таза тоннаж бірлігіне 6,70 доллар (шамамен 3200 теңге) болды.
Уралоглу Монтрё конвенциясында көзделген үш бағыт бойынша алым алынатынын атап өтті: санитарлық бақылау, маяктарды пайдалану және кемелерге арналған апаттық-құтқару қызметтері.
Түркия агенттігінің мәліметі бойынша, тарифтің өсуі мемлекеттік кірісті айтарлықтай арттырды. 2021 жылдың 1 шілдесі мен 2022 жылдың 30 маусымы аралығында кемелер арқылы түскен кіріс шамамен 38 миллион доллар болса, 2024 жылдың 1 шілдесі мен 2025 жылдың 30 маусымы аралығында 223 миллион долларға жетті.
2025 жылдың 1 шілдесі мен 2026 жылдың 30 маусымы аралығында Түркия билігі Түркия бұғаздары арқылы өткен кемелерден шамамен 254 миллион доллар кіріс алады деп болжанды. Соңғы тарифтердің өсуі шетел валютасының ағынын арттырып, мемлекеттік бюджеттің кірісін нығайтады.
Біз бұған дейін Түркия Босфор және Дарданелл бұғаздары арқылы өтетін кемелер ақысын тағы да көтергенін хабарлаған болатынбыз.