Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Түркия қытайлық Temu сауда платформасына айыппұл салды — шетелдегі қазақ баспасөзі

АСТАНА. KAZINFORM — Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Түркия қытайлық «Temu» сауда платформасына айыппұл салды — шетелдегі қазақ баспасөзі
Фото: DW

Өзбекстан СІМ басшысы Қазақстанның жаңа елшісін қабылдады — ӨзА

Ералы
Фото: uza.uz

Қазақстанның Өзбекстандағы жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшісі Ералы Тоғжанов Ташкентте Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовқа сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік, сауда-экономикалық ынтымақтастық, өнеркәсіптік кооперация, өңіраралық байланыстар және көлік-логистика саласындағы бірлескен жобаларды талқылады. Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады. 

Еске салсақ, Қазақстан Президентінің Жарлығымен Ералы Тоғжанов Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. Ол бұл қызметте 2022 жылдан бері елшілікті басқарған Бейбіт Атамқұловтың орнына келді.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі дипломатиялық миссиясын аяқтады» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды. 

Бейбіт
Фото: uza.uz

Хабарламада айтылуынша, Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бахтиер Саидов Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұловты дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады. Кездесу барысында министр елшінің екі ел арасындағы достық, тату көршілік және одақтастық қатынастарды нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалап, оның қызметі кезеңінде 2022 жылғы 22 желтоқсанда Өзбекстан мен Қазақстан арасында Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылғанын атап өтті.

Өзбекстан тарапы Бейбіт Атамқұловқа атқарған қызметі үшін алғыс білдіріп, оның еңбегі Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев тарапынан жоғары бағаланып, ол «Достық» орденімен марапатталды.

Ыстықкөлге халықаралық экологиялық мәртебе берілуі мүмкін — Eurasia Today

Ыстықкөл
Фото: kz.eurasiatoday.

Ыстықкөл «Blue Flag» халықаралық экологиялық сертификатын иеленген Орталық Азиядағы алғашқы көл атануы мүмкін. Қырғызстан Түркияның қолдауымен аталған бағдарламаны енгізуге дайындалып жатыр, деп жазады Eurasia Today ақпарат агенттігі. 

Жоба аясында Қырғызстан жағалау аумақтарын басқару, су сапасын бақылау, қалдықтарды басқару және тұрақты туризм бағытында Түркияның, соның ішінде Анталия тәжірибесін зерделеуде. Маусым айында қырғыз делегациясы «Blue Flag» сертификатына ие болған Анталия жағажайларына барып, халықаралық талаптарды орындау тәжірибесімен танысты.

TÜRÇEV өкілдерінің мәліметінше, табиғи сұлулығы мен туристік әлеуеті жоғары Ыстықкөл бұл сертификатқа үміткер нысандардың бірі. Бағдарлама тек су тазалығын ғана емес, экологиялық менеджмент, қауіпсіздік, қолжетімділік, қалдықтарды тиімді басқару және экологиялық ағарту талаптарының орындалуын да қарастырады.

Қорғас порты арқылы импорт-экспорт жүк көлемі тарихи рекордқа жетті — Халық газеті

Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі Қорғас портында 2026 жылдың бірінші жартысында импорттық және экспорттық жүк көлемі 22,954 миллион тоннаға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайызға өсті. Қорғас кеденінің мәліметінше, бұл порт тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болды, деп хабарлайды Қытайдың Халық газеті басылымы. 

Қорғас
Фото: kaz.people.cn

Аталған БАҚ-тың дерегінше, тауар құрылымында импорттың негізгі бөлігін электромеханикалық өнімдер, металл кендері, ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік құрады. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік импортының сауда көлемі айтарлықтай артқан.

Ал экспорт негізінен жаңа энергетикалық көліктер, жоғары технологиялық өнімдер, тоқыма бұйымдары және киім-кешек есебінен қамтамасыз етілді. Сарапшылар мұны өңірдегі сыртқы сауда белсенділігінің артып, Қорғас портының халықаралық жүк тасымалындағы рөлінің күшеюімен байланыстырады.

Сонымен қатар осы аптада Халық газеті басылымында «Жеменей бекеті арқылы импорт-экспорт жүк тасымалы 24,7%-ға өсті» деген ақпарат жарық көрді.

Жеменей
Фото: kaz.people.cn

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, Шыңжаңдағы Жеменей бекеті Қазақстанның Майқапшағай кеден бекетіне қарама-қарсы орналасқан. Аталған кеден бекеті — Қазақстан, Қытай, Ресей және Моңғолия мемлекеттерінің төрт жақты шекара аймағында. Жеменей кеденінің деректері бойынша, 2026 жылдың бірінші жартысында бекет арқылы импорт-экспорт жүк тасымалының жиынтық көлемі 91 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,7%-ға өсті.

Оның ішінде импорттық жүк тасымалының көлемі 38 мың тонна болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 507,3%-ға күрт өсті.

Бекет кедендік рәсімдеу тиімділігін арттыруға баса назар аударып отыр. Ауыл шаруашылығының жаңа өнімдеріне арналған «жасыл дәліз» ашылып, тәулік бойы алдын ала тапсырыс бойынша тексеру жүргізу енгізіліп, кедендік рәсімдеу уақыты айтарлықтай қысқартылды.

— Қазіргі уақытта Орталық Азия нарығында Қытайдың жеңіл машина жасау бұйымдары мен ауыл шаруашылығының өзіндік ерекше өнімдеріне сұраныс жоғары, бекеттегі сыртқы сауда кәсіпорындарының бизнес көлемі үздіксіз ұлғайып келеді, - деп жазады қытайлық БАҚ.

Қытайдағы қазақ малшылары Ақбұлақ жайлауында көкпар жарысын ұйымдастырды — Алтай ақпараты

Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі Алтай қаласына қарасты Қызылтас қалашығының Ақбұлақ жайлауында жергілікті қазақ малшыларының ұйымдастыруымен дәстүрлі көкпар жарысы өтті, деп хабарлайды қытайлық «Алтай ақпараты» басылымы.

Көкпар
Фото: weixin.qq.com

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, жарыс барысында шабандоздар тұлпарларын құйындатып, серкені тақымға басып, ұлттық ойынның көркін қыздырды. Тартысты бәсекені тамашалауға жиналған жұртшылық шабандоздарға қызу қолдау көрсетіп, кең дала жанкүйерлердің қошеметіне бөленді.

— Көкпар — қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық ат спортының бірі. Ерлік пен ептілікті, қайсарлық пен шеберлікті ұштастыратын бұл ойын Қытайдағы қазақ қауымы арасында да ұлттық дәстүрді дәріптеп, мәдени мұраны сақтаудың маңызды құралы ретінде кеңінен насихатталып келеді, — деп жазады қытайлық басылым.

Татарстан BRICS елдерімен және Иранмен ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді — ParsToday

Рустам Минниханов
Фото: Parstoday

Татарстан БРИКС елдерімен, ислам әлемімен, Оңтүстік-Шығыс Азия және Латын Америкасы мемлекеттерімен ынтымақтастықты дамытуды негізгі бағыттардың бірі ретінде қарастырып отыр. Бұл туралы Татарстан президенті Рустам Минниханов TV BRICS арнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі. 

Ирандық БАҚ-тың дерегінше, Минниханов 2024 жылы Қазан қаласында өткен BRICS саммиті Татарстанның халықаралық беделін арттырып, шетелдік инвестициялар тартуға ықпал еткенін атап өтті. Оның айтуынша, өнеркәсіптік, технологиялық, көліктік және ауыл шаруашылығы әлеуеті жоғары республика BRICS елдерімен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын.

Татарстан президенті халал индустриясы, сауда, инвестиция, логистика, технология, білім және ғылым салаларындағы әріптестікті кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Ол 2026 жылы Қазан қаласының Ислам әлемінің мәдени астанасы атануы Иранды қоса алғанда, BRICS-тің жаңа мүшелерімен экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуға жаңа мүмкіндік беретінін айтты.

Түрік және қазақ мұғалімдер Астанада бас қосты — TRT

Түрік және қазақ мұғалімдер
Фото: trtkazakh.com

Қазақстанның елордасы Астанада ұйымдастырылған халықаралық білім беру бағдарламасында қазақ және түрік мұғалімдер бас қосты, деп хабалайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«TRT»-ның дерегінше, Астанада Түрік ынтымақтастық және координация агенттігінің (TİKA) қолдауымен, Түркия Республикасы Ұлттық білім беру министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің Білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырған халықаралық білім беру бағдарламасы аяқталды.

Бағдарлама аясында Түркиядан келген 6 маман Қазақстанның әр өңірінен жиналған 120 мұғалімге заманауи оқыту әдістері бойынша дәріс оқыды. Қатысушылар теориялық білімдерін практикалық тапсырмалар арқылы жетілдіріп, «Интеграцияланған оқыту және үйрету модельдеріне кіріспе» тренингінде өз пәндеріне арналған оқу сценарийлерін әзірлеп, жобалар көрмесінде таныстырды.

Сертификаттарды табыстау рәсімінде TİKA-ның Астанадағы бағдарлама үйлестірушісі Фуат Ердоғмуш білім беру саласындағы ынтымақтастық Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен бауырластық байланыстарды одан әрі нығайта түсетінін атап өтті.

Сондай-ақ осы аптада «TRT» басылымында «Түркия қытайлық „Temu“ сауда платформасына айыппұл салды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды. 

Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, Түркияның Бәсекелестікті қорғау басқармасы «Temu» сауда платформасына жоспарланған жергілікті тексеруге кедергі келтіргені үшін 3,696 млн түрік лирасы (шамамен 78 мың АҚШ доллары) көлемінде әкімшілік айыппұл салды. Дегенмен компанияға қатысты ресми бәсекелестік тергеуін бастамау туралы шешім қабылданды.

Басқарманың мәліметінше, алдын ала тексеру «Temu» платформасының үшінші тарап сатушыларының тауар бағасына ықпал етіп, Түркияның Бәсекелестік туралы заңының талаптарын бұзуы мүмкін деген күдікке байланысты жүргізілген. Алайда инспекторлар Стамбұлдағы компания кеңсесіне барған кезде ғимарат жабық болып, тексеру жүргізу мүмкін болмаған. Осыған байланысты компания мемлекеттік бақылауға кедергі келтірді деп танылды.

«Temu» өкілдері баға белгілеу тәжірибесіне қатысты істің жабылғанын және айыппұл салынғанын растады. Компания ресми хабарлама алған күннен бастап 60 күн ішінде бұл шешімге Анкараның әкімшілік сотында шағымдана алады.

Еске салайық, бұған дейін шетелде қазақ баспасөзі тарихта алғаш рет адам тәріздес роботтар тірі жануарға ота жасағаны туралы хабар таратқан еді.