10:24, 25 Мамыр 2010 | GMT +5
Түркия Президенті Абдулла Гүлдің Қазақстанға ресми сапары жалғасуда
АНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - Түркия Президенті Абдулла Гүлдің Қазақстанға ресми сапары жалғасуда.
Бүгін Ақордада Абдулла Гүл Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен ресми кездеседі. Сондай-ақ, «Риксос» отелінде Абдулла Гүл мен Нұрсұлтан Назарбаевтың және екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум өтеді. Форум жұмысына құрылыс және құрылыс материалдарының өндірісі, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, орман шаруашылығы, тоқыма және дайын киім өндірісі, мал шаруашылығы, кеме жасау, мұнай химиясы салаларында жұмыс істейтін екі елдің 300-ден астам компаниясы қатысады деп күтілуде. Форумның қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою жоспарлануда.
Сондай-ақ, мемлекет басшылары бүгін Тәуелсіздік сарайында өтетін Түркі әлемі сәулетшілері мен қала құрылысшыларының ІІІ құрылтайына қатысады.